Астанада нөмірін төңкеріп қойған жүргізуші жауапқа тартылды
Елордада қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісімен көлік құралын пайдалану фактісін анықтады.
«Тексеру барысында полиция қызметкерлері «Shacman» маркалы жүк көлігін тоқтатты. Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі төңкеріліп орналастырылғаны анықталды», - делінген хабарламада.
Жүргізуші көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісімен көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Елорда полициясы жүргізушілерге жол ережелері мен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілеріне қойылатын талаптарды қатаң сақтауды ескертті.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
Еске салсақ, Астанада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.