«Құқықтық тәртіп»: Астанада 500-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шара шара барысында полиция қызметкерлері 500-ден астам түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде ең көп кездесетіні - көші-қон заңнамасы талаптарын, жол қозғалысы ережелерін, қоғамдық тәртіпті, абаттандыру қағидаларын сақтамау, сондай-ақ қоғамдық орындарды ластау және басқа да құқық бұзушылықтар.
«Тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқан азаматтарға қатысты 200-ден астам факт анықталды. 80-нен астам адам қоғамдық орындарда мас күйінде болған. 60-қа жуық факт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуына байланысты тіркелді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жол бермеуге байланысты 50-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды», - делінген хабарламада.
Алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылды. Осы бағытта 7 құқық бұзушылық тіркелді. Мәселен, Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлері азық-түлік дүкендерінің бірінде 21 жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін сату фактісінің жолын кесті. Сауда нысанының иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ аясында жұмыстарды жалғастыруда. Іс-шаралар заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтап, олардың жолын кесуге бағытталған.
Еске салсақ, Астанада отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.