Референдум-2026

Астанада отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық ұдайы қадағалауда

Астанада отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық ұдайы қадағалауда
Фото: magnific.com

Астанада отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері елордада 6 500-ден астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Қорғау нұсқамаларының талаптарын бұзғаны үшін 300-ге жуық азамат жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сот шешімімен 600-ден астам адамға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленді.

Полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына тұрақты түрде барып, олардың мінез-құлқына мониторинг жүргізеді. Учаскелік полиция инспекторлары мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі инспекторлар отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерделеп, қауіп деңгейін бағалайды және белгіленген профилактикалық шаралардың орындалуын бақылайды.

Астана қаласының полициясы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне жол берілмейтінін еске салады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.