Референдум-2026

Астанада түнде тыныштықты бұзған әйел жауапкершілікке тартылды

Астанада түнде тыныштықты бұзған әйел жауапкершілікке тартылды
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Жыл басынан бері елордада тыныштықты бұзуға қатысты 18 мыңнан астам факті тіркелді. Әрбір келіп түскен шағым және анықталған құқық бұзушылық бойынша полиция қызметкерлері тиісті шара қабылдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттің мәлімдеуінше, азаматтардың түнгі уақытта тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елордалық полиция жұмысының басым бағытының бірі.

«Жақында полицияға елордадағы лаундж-бардың бірінде тыныштықтың бұзылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Мекеменің жазғы террасасында демалушылар қатты шулап, айналасындағы азаматтардың тыныштығын бұзған.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері 34 жастағы әйелді анықтап, ол заңнамаға сәйкес жауаптылыққа тартылды», делінген хабарламада.

Елордалық полиция тыныштық сақтау – заң талабы ғана емес, сонымен қатар айналадағы адамдарға деген құрметтің белгісі екенін еске салады. Әсіресе түнгі уақытта бұл маңызды, өйткені қатты музыка, дауыстап сөйлесу және басқа да шулар қала тұрғындарының тынығуына кедергі келтіруі мүмкін.

Елордалық полиция азаматтар мен ойын-сауық орындарының иелерін белгіленген талаптарды сақтауға, айналадағы адамдардың тыныш демалу құқығын құрметтеуге және тыныштықты бұзуға жол бермеуге шақырады.

Еске сала кетсек, елордада қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді.