Референдум-2026

Елорда полициясының Кинологиялық қызмет орталығы кішкентай төрт аяқты көмекшілермен толықты

Елорда полициясының Кинологиялық қызмет орталығы кішкентай төрт аяқты көмекшілермен толықты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығына жаңа күшіктер қосылды. Құқық қорғау органдарына қызмет ететін болашақ төрт аяқты көмекшілердің қатарына бірден төрт күшік қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Бұл күшіктерді адамдарды іздеуге маманданған Хлоя Дея атты қызметтік бельгиялық овчарка туды. Бұл – оның алғашқы күшіктері. Ал күшіктердің әкесі – қызмет барысында талай рет полицияға есірткіні анықтауға көмектескен Бакс атты иісшіл ит.

Қазір күшіктер екі айлық. Олар өсіп-жетіліп, ойнап, күн сайын қамқорлығына алып отырған кинолог мамандарға үйреніп келеді. Әлі кішкентай болғанына қарамастан, алдағы қызметке жарамдылығын анықтайтын алғашқы сынақты бастап кетті.

Мамандар күшіктердің мінез-құлқын, белсенділігін, зейінін және болашақ қызметіне қажетті қабілеттін бағалайды. Ал алты айға толған кезде бұдан да күрделі сынақ кезеңі өтеді. Осының нәтижесінде әр күшіктің әлеуеті анықталып, қай бағытта даярланатыны белгіленеді.

Әзірге қызметтік ит үшін ойын ойнап, кинологтардың қамқорлығын сезіну маңызды. Ал алда оларды жаттығу, арнайы дайындық және елорда тұрғындарының қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызмет күтіп тұр. Бұл Кинологиялық қызмет орталығының бүкіл ұжымы үшін үлкен қуаныш. Көп ұзамай күшіктер елорда полициясының төрт аяқты жасағына айналады.

Еске салсақ, биыл маусым айында «Қарасора - 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында иісшіл иттер 90 есірткі қылмысының жолын кесуге көмектесті.