Референдум-2026

«Қарасора-2026»: Қызметтік иттер 90 есірткі қылмысының жолын кесуге көмектесті

Бүгін, 09:48
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Қарасора-2026»: Қызметтік иттер 90 есірткі қылмысының жолын кесуге көмектесті
фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы «Қарасора - 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Маусым айынан бастап қарасора өсетін өңірлерде қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Операцияға полиция қызметкерлері, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері атсалысып отыр.

«Операцияға тікұшақтар, дрондар және Жерді ғарыштан бақылау технологиясы да қолданылып отыр. Соның ішінде Шу өңірі ерекше назарда. Мұнда дрондардың көмегімен жабайы қарасораның ондаған ошағы анықталып, жойылды. Сондай-ақ қызметтік иттер мен кинологтар тәулік бойы қызмет атқаруда. Олар автожолдарда, теміржол объектілерінде және есірткі тасымалдануы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізіп жатыр. Операция барысында қызметтік иттердің көмегімен 90 есірткі қылмысының жолы кесіліп, 550 килограмға жуық түрлі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

ІІМ мәліметінше, «Қарасора» операциясы есірткі қылмысына қарсы күрестегі тиімділігін дәлелдеп отыр. Заманауи технологиялар мен кешенді шаралардың арқасында қойылған міндеттер нәтижелі орындалуда. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ішкі істер министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін елордада «Қарасора» жедел іс-шарасы кезінде фитозертханалардың заңсыз қызметі тоқтатылғаны туралы жаздық.