Амур жолбарысы Үміт жаңа ортаға бейімделіп келеді
Он күн ішінде ішінде мамандар жолбарыстың қозғалысын бақылап, жүрген жерлерін зерттеп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, GPS-қарғыбау арқылы жолбарыстың қай аумақта болғаны анықталып, кейін сол жерлерге далалық тексеріс жүргізіледі.
Алғашқы күндердің өзінде Үміттің өздігінен аң аулай алатыны белгілі болды. Мониторинг барысында оның қасқырды аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенгені анықталды. Кейін жабайы қабанды да ұстаған.
«Бұл — Үміттің жаңа ортаға бейімделіп, табиғи жағдайда өз бетінше тіршілік ете бастағанының маңызды белгісі», - делінген хабарламада.
Қазір мамандар оның қозғалысын күн сайын қадағалап, табиғи ортаға бейімделу барысын зерттеуді жалғастыруда. Алғашқы 10 күннің нәтижесі Үміттің табиғи ортадағы дербес тіршілікке бейімделу үдерісі сәтті өтіп жатқанын көрсетеді.



Еске салсақ, әлеуметтік желіде тараған табиғатқа жіберілген жолбарыстың фотосуреті жалған болып шықты.