Желіде тараған «жолбарыстың» фотосы жалған - министрлік
Әлеуметтік желіде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында табиғатқа жіберілген жолбарыс түсірілді деген ақпаратпен бірге фотосурет таралды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Жарияланған суретті жасанды интеллект (AI) көмегімен жасалған белгілер байқалады.
«Табиғатқа жіберілген жолбарыс аналығы спутниктік GPS-ошақпен жабдықталған. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары оның орналасқан жері мен жағдайын тәулік бойы үздіксіз бақылауда ұстайды. Сондықтан жануардың «кездейсоқ түсірілгені» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», делінген хабарламада.
Министрлік азаматтар мен БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады. Көрінеу жалған ақпаратты, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін фото және бейнематериалдарды тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Еске сала кетсек, 31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына алғаш рет Амур жолбарысының Үміт атты аналығы жіберілді. Қазақстан аумағында жолбарыс 70 жыл бұрын жойылып кеткен.