Қазы мен жал-жая халықаралық стандартқа ұсынылды
Астанада «Ет, құс еті, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер» техникалық комитетінің пленарлық отырысы аясында өткен форумда жылқы етінен дайындалатын өнімдерге арналған алғашқы халықаралық ISO стандартын әзірлеу ұсынылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде бұл өнімдер санатына арналған бірыңғай халықаралық құжат жоқ. Соның салдарынан терминологияға, жіктеуге, таңбалауға және сапаны бағалауға қойылатын талаптарда айырмашылықтар туындап, экспортқа кедергі келтіруі мүмкін.
«Болашақ стандарттың негізіне ГОСТ 34921–2023 «Ұлттық жылқы етінен жасалған өнімдер. Техникалық шарттар» құжатын алу ұсынылды. Стандарт дәстүрлі өнімдерді – қазы, шұжық, жал, жая, сондай-ақ ысталған және шұжық өнімдерін қамтуы мүмкін», - делінген хабарламада.
Қазақстан стандарт жобасын әзірлеу үшін халықаралық жұмыс тобын құрып, оған жетекшілік етуге және құжатты өндіруші елдермен одан әрі талқылауға дайын.