Қазақстандағы электронды сауда үш жылда 50%-дан астам өсті
Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамып келеді. Үш жыл ішінде нарық көлемі 2023 жылғы 2,4 трлн теңгеден 2025 жылы 3,7 трлн теңгеге дейін өсіп, 50%-дан астам өсімді көрсетті. Сонымен қатар бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі онлайн-сауданың үлесі 12,7%-дан 14,3%-ға дейін артты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Нарықтың негізгі драйвері - маркетплейстер. Бүгінде олардың үлесіне бөлшек электронды сауданың жалпы көлемінің 86%-ы тиесілі. Kaspi.kz, OZON, Wildberries, Halyk Market, Forte Market және басқа да платформалар сауданың жаңа форматын қалыптастырды. Енді сатып алушы қажетті тауарға батырманы бірнеше рет басу арқылы қол жеткізсе, кәсіпкер үшін бүкіл ел бойынша миллиондаған әлеуетті клиентке тікелей шығуға мүмкіндік пайда болды.
Тұтынушылардың сатып алу дағдысы да айтарлықтай өзгеріп келеді. Бүгінде онлайн арқылы тек электроника немесе киім-кешек қана сатып алынбайды. 2025 жылы маркетплейстердегі барлық сатылымның 17,1%-ын телефон мен гаджеттер, 12,4%-ын киім, аяқ киім және спорт тауары, 12,1%-ын үй мен саяжайға арналған тауар, 10,3%-ын тұрмыстық техника, ал 7,4%-ын азық-түлік болды. Бұл электрондық сауданың қазақстандықтардың күнделікті тұтыну мәдениетінің бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар тауарды жеткізу тәсілі де өзгеріп жатыр. Бұған дейін сатып алушы тапсырысын бірнеше күн күтуге дайын болса, бүгінде жекелеген тауар санаты бойынша экспресс жеткізу бір сағаттан аз уақытты алады. Азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарын жылдам жеткізетін e-grocery бағыты да қарқынды дамуда. Тек 2025 жылы Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында бес Dark Store жобасы іске қосылды. Ал тапсырысты алуды одан әрі ыңғайлы ету үшін маркетплейстер 2 300 жаңа постамат орнатты.
Электронды сауда енді жай ғана тауар сатып алудың жаңа тәсілі емес. Бұл тұтынушылардың әдетін өзгертіп, бизнеске жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік беретін, сауданы жылдам, қолжетімді әрі ыңғайлы ететін экономиканың толыққанды саласына айналды.
Еске сала кетсек, наурызда елімізде электронды сауда көлемі қаншаға жеткені хабарланды.