Былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 202 адам қаза тапты – министрлік


2024 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1408 жұмыскер зардап шегіп, оның 202-і қаза болған. Бұл туралы Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне сілтеме жасап хабарлады.
Былтыр өндірістік жарақаттану 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,20 құрады.
«Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 159 адам, ШҚО-да – 124 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Абай облысында – 101 адам, Қостанай облысында – 91 адам, зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 116 адам зардап шекті», - делінген хабарламада.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,3% және құрылыс саласында – 10,1%.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (35,5%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (31%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,2%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,6%).