«Астана Балет» театрында «Ұлы дала мұрасы» атты концерт өтті


«Астана Балет» театрының сахнасы нағыз би мерекесіне айналып, «Жастар биі» хореографиялық миниатюрасының премьерасы мен «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы қалың көрерменге тарту етілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әбдірасул Есекеевтің «Жастар биі» миниатюрасының премьерасы халық және классикалық хореографияның таңғажайып синтезін паш етті. Жастыққа, жомарттыққа, нәзіктік пен энергияға толы би жастардың нағыз әнұранына айналғандай. Ал, Ержан Тоқсабановтың музыкасы миниатюраны органикалық түрде толықтырып, ажарын аша түсті.
Бұл миниатюра ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де кең танылып, көрермен көзайымына айналған «Ұлы дала мұрасы» дивертисментінің құрамына енді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Татидің және еліміздің басқа да көрнекті балетмейстерлерінің қойылымдары көрермен қауымды байтақ дала, тылсым табиғат, қазақ халқының тарихы мен дәстүрін бейнелеген халық хореографиясының таңғажайып әлеміне елітіп әкетеді.
«Ұлы дала мұрасы» бағдарламасы театр репертуарында ерекше орын алады. Бұл халқымыздың бай мәдениетін, рухани болмысы мен өзіндік ерекшелігін бейнелейтін баға жетпес қазына. Ұлы Даланың бірегей дәстүрін сақтап, дүниежүзіне паш ету біз үшін зор мәртебе», – деп атап өтті театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов.
Әсем көркі, ерлердің динамикалық билері мен көз жауын алар костюмдерінің арқасында қазақ хореографиясының эстетикасы көрермен жүрегін жаулап алды. Айгүл Татидің қойылымдарының әсері ерекше екенін атап өткен жөн. Хореограф этнография элементтерін қазіргі заманғы батыл балетмейстерлік шешімдермен толықтыра отырып, дәстүрлі қазақ ою-өрнектерін еске түсіретін пластикалық өрнек жасайды алды.
«Ұлы дала мұрасы» жай ғана концерт емес. Бұл өткенге саяхатпен пара-пар дүние. Осылайша ұлы мәдениетке бойлап, көшпелі өркениет болмысы мен кең-байтақ даланың ғаламатын сезінудің қайталанбас мүмкіндігіне ие боласыз.
«Астана Балет» театры әртістерінің орындаушылық шеберлігіне, сомдаған бейнелерінің тереңдігіне тәнті болған көрермен қауым қошеметін білдіріп жатты. Осының өзі жаңашыл шешімдермен өрнектелген дәстүрлі хореография көрермен көзайымына айналып, жүрегін тербеп, жан дүниесінде өшпес із қалдырарлық күші барын тағы бір растап тұрғандай.