Жеңістің 80 жылдығы: Астанада парадқа дайындық аяқталуға жақын

28 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жеңістің 80 жылдығы: Астанада парадқа дайындық аяқталуға жақын
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Астанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық аяқталуға жақын. Күнделікті жаттығулар парадтық есептоптардың үйлесімділігі мен салтанатты шеруге қатысуға әзірліктің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Индустриалды қалашықта Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов бөлімшелер мен техникалық экипаждардың дайындығын тексеріп, жүргізушілердің шеберлігі мен қажетті маневрлерді орындай білуін бағалады.

– Жеке құрам салтанатты шеруге дайын. Күніне кемінде төрт сағаттық жаттығулар өтеді. Біздің мақсатымыз – Қазақстан халқына әскеріміздің қауқары мен күш-қуатын көрсету, – деп атап өтті Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары – зымыран әскерлері мен артиллерия бас басқармасының бастығы, полковник Тілек Серікбаев.

Айта кетейік, әскери шеру 7 мамыр, Отан қорғаушылар күні, «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтеді. Оған 4 мыңнан астам әскери қызметші, 200-дің үстінде қару-жарақ пен әскери техника тартылған. Шерудің әуе бөлігіне майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшу аппараты қатысады. 3 және 5 мамыр күндері жаяу есептоптардың, әскери техника мен авиацияның қатысуымен басты жаттығуларды өткізу жоспарланған.