«Жылу мен жарығымыз сөнбесін»: Астанадағы ЖЭО-2 тәулігіне қанша МВт және Гкал береді (ФОТО)

«Жылу мен жарығымыз сөнбесін»: Астанадағы ЖЭО-2 тәулігіне қанша МВт және Гкал береді (ФОТО)
Фото: Оңалхан Өнерхан

22 желтоқсан – Энергетиктер күніне байланысты Elordainfo.kz Астананы жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұрған негізгі көздің бірі ЖЭО-2 тынысы туралы репортаж ұсынады.

Қалаға жылу мен электр қуатын беретін «Астана-Энергия» АҚ-ның 5 энергия көзі бар. Олар: ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және «ГЖС – Тұран», «ГЖС – Оңтүстік-Шығыс» су қыздырғыштары. Аудандардағы су қыздырғыштары сол аумақтарды жылумен қамтамасыз етеді.

ЖЭО-2 бас инженері Нұртілек Тасатхан түсірілім тобымызға жол нұсқап, жылу электр орталығының жұмысымен таныстырды. Ол осы салада 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. ЖЭО-2-ге машинист қараушы болып кірген ол кейін ауысым бастығы, турбина цехының аға инженері, жөндеу жұмыстары жөніндегі бастықтың орынбасары, бас инженердің орынбасары қызметтерін атқарған.

Бас инженердің сөзінше, қала электр энергиясының 50-60 пайызын осы станциядан алады.

Басты щит

Жылу электр орталығының барлық процесі осы басты щитте басқарылады. Бұл жұмысты ауысым бастығы қадағалайды. Мұнда 6 турбинаның әрқайсысы қанша МВт беріп тұрғанын көруге болады.

Жалпы, ЖЭО-2 тәулігіне 555 МВт-қа дейін электр энергиясын, қыстың ең суық кездерінде 1 947 Гкал жылу қуатын беруге қауқарлы. Ал аяз қатты емес күндері орташа жылу беру көлемі 700-900 Гкал мөлшерінде болады.

Екінші жылу электр орталығындағы біз барған кездегі қыздырылған су көлемі 36 мың текше метрді құрады.

«Жылу транзитінің диспетчері бүгін бізге 91 градус температураны сұрады. Біз сол бойынша орындап береміз. Әрі қарай жылу транзиті аудандарға үлестіреді. Бірнеше күн бұрынғы аязда 1750 Гкал жылу бердік», - деді бас инженер.

ЖЭО-2-де 6 су қыздырғыш қазандық бар. Енді екі қазандық қосу жоспарланып отырғанын айтады мамандар. Оның бірі келесі жылы, екіншісі одан кейінгі жылы қосылуы мүмкін.

Турбина цехы

Екінші жылу электр орталығында 7 цех үздіксіз жұмыс істеп тұр. Түсірілім барысында біз оның бірнешеуін аралап үлгердік.

Ең алдымен турбина цехының жұмысымен таныстық. Мұнда 8 қазандық бар. Оның алтауы 420 тонна бу береді. Соңғы екі жаңа қазандық 550 тоннадан бу береді.

Алдымен көмір беру цехына көмір келеді. Бір вагон көмір аударылып, астыңғы жақта үгітіледі де, конвеермен жоғарыға, қазандыққа жөнелтіледі. Үгітілген көмір күндіз-түні үздіксіз жанып тұрады. Қазандықтар суды қайнатып, құрғақ буға айналдырып, оны турбина қондырғысына береді. Одан генераторға жалғанып, әрі қарай электр энергиясы бөлініп шығады.

Қазандықтар сағатына бір вагон көмір жағып, 550 тонна бу береді.

Бір қызығы, ЖЭО-дағы су пайдаланылған соң еш жерге төгілмейді де, сіңіп те кетпейді. Бу қайтадан суға айналдырып, ол қайтып қазандыққа беріледі. Әр жерден аққан жарамсыз судың орны ғана қайта толтырылып отырады. Жалпы, су буға, бу суға айналып, орнына келіп отырады.

Химиялық цех сағатына 100-200 тонна тазартылған су береді. Жылу электр орталығына Астана су арнасы ауыз суды және техникалық суды жібереді. Ауыз су қазандықтарға, ал техникалық су ультрафиксация арқылы жылу желісіне қолданылады.

«Бір тәулікте 3-4 мың текше метр суды қазандықтарда тазалау арқылы қолданамыз. Ал техникалық жылу желісіне және градирлік салқындатқыштарға тәулігіне 20-22 мың текше метр су пайдаланылады», - деді Нұртілек Тасатхан.

Бұл жердегі щитте машинистердің әрқайсысы бір-бір қазандық пен турбиналық қондырғыларды басқарып отырады. Осы жерде отырған 4 машинистің екеуі екі турбиналық қондырғыға, екеуі екі қазандыққа жауапты. Бұдан бөлек тағы 4 щит бар. Машинистер қондырғылардың параметрлерін бақылап, жұмыс істеуін қадағалайды. Олар 12 сағат сайын ауысыммен жұмыс істейді.

«Мұнда бәрі автоматтандырылған. Қандай да бір ақау шықса, машинистердің экранынан көрініп тұрады. Турбина жұмысын тоқтатпас үшін машинист шұғыл түрде шара қолданып, жөндеу персоналы бірден сол жерге жөнелтіледі де, ақауды қалпына келтіреді», - деді бас инженер.

Суды қыздыратын цехта 6 қазандық орналасқан. Бу арқылы жылу желісінің суы қыздырылады.

Механикалық цех

Механикалық цехта насостарға, басқа да әртүрлі қондырғыларға қосалқы бөлшектер жасалады. Мұндағы түрлі станоктан жасалып шығатын қосалқы бөлшектер ЖЭО-2-ні толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Әр станокта бір адамнан жұмыс істейді.

Шикізат Қазақстанның әр өңірінен әкелінеді. Ал станоктар Ресейде, Германияда шығарылған.

Станокпен жұмыс істейтін мамандар осында оқытылады. Яғни жас мамандарды тәжірибелі тісқаққан шеберлер үйретеді. Кейін олар отандық және шетелдік оқу орындарынан біліктілігін арттырады.

Химиялық цех

Химиялық цехта қазандықтарға, жылу желілеріне су тазартылып, әзірленеді. Сонымен қатар бу, су талдамалары, олардың циркуляциясы қадағаланып отырады.

Цехтағы фильтрлер суды тазалайды. Ал кері осмос сағатына 250 тонна суды тазалай алады. Суды тазалауда түрлі реагенттер қолданылады.

Естуімізше, мұндағы мамандардың көпшілігі – әйел адамдар. Олардың барлығына дерлігі химия мамандығы бойынша білім алған.

Ал бұл – жаңа фильтрлер. Жалпы, мұндағы қондырғылар неміс технологиясы бойынша жабдықталған.

Мембраналар техникалық суды тазалайды да, кері осмосқа береді. Оны әрі қарай тазалап, кері осмос қазандықтарға жібереді.

Қосалқы конденсат багында артық су қоры жиналады. Біреуінің көлемі – 1200 тонна.

Градирня

Цехтардағы механизмнің бәрі үздіксіз жұмыс істегендіктен, қызады. Градирня соларды салқындатып отырады. Алыстан қарапайым тілде айтқанда, мұржа сияқты болып көрінетін мұнара «градирня» деп аталады.

Градирня 12 мың тоннаға дейінгі суды айналдырады. Сол жердегі механизм салқындатылған соң, су цехқа жіберіледі.

Градирня мен үлкен құбырдан шығып жатқан бу алыстан көпшілікке түтін сияқты көрінетіні рас. Дегенмен ол түтін емес, бу екенін айтады мамандар.

«Оның 0,2 пайызы ғана түтін болуы мүмкін, 99,8 пайызы бу. Жанған көмір қазандық астына түседі де, каналдармен насосқа барады. Сумен араластырылып, күлі арнайы бассейнге (золоотвал) жіберіледі. Градирнядан 0,2 пайызы ғана түтін болып шығады. Үлкен бассейнде жиналған қалдық көл сияқты. Күлі астына тұнған соң, бетіне шыққан суы қайтадан кері қайтып келіп, қазандықтарда қайта тазартылып қолданылады», - деді бас инженер Нұртілек Тасатхан.

Екінші жылу электр орталығы жартылай газбен, жартылай көмірмен жұмыс істейді. Газ да сумен тазартылады. Оның да артық күл-қоқысы бассейнге кетеді.

ЖЭО-2 алғаш пайдалануға берілген 1979 жылдан бергі күлге арналған бассейн кейінгі жылдары толтырылған соң, беті топырақпен жабылып, үстіне тал отырғызылыпты. Екіншісі Қояндыға бара жатқандағы тас жолдың оң жағында орналасқан. Ол екі секциядан тұрады. Оның бірінші секциясы 7-8 жыл ішінде толса, қазір күл екінші секциясына жеткізіліп жатыр.

«Алғашқысы 35-40 жылға жетті. Сол сияқты осы қолданыстағылар да біраз жыл қызмет етуі үшін кеңейту жұмысы жүргізіледі. Мүмкін алда жаңасы салынуы да мүмкін. Дегенмен қазіргі таңда шетелдік компаниялар тарапынан осы жерден шыққан күлді 100 пайыз кәдеге жарататын зауыт салу бойынша ұсыныстар айтылып жатыр екен. Олар осы жерден шыққан күлдің құрамындағы құмынан газоблок, бетон сияқты құрылыс материалдарын жасап, жол астына төсеуге де қолданбақ. Егер сол жоба жүзеге асырылса, қазіргі бассейн үнемі жұмыс істеп тұра береді», - деді Н.Тасатхан.

ЖЭО-2-нің ең бірінші блогындағы қондырғы 1979 жылы, соңғысы 2021 жылы іске қосылған. Бүгінде екінші жылу электр орталығында 1100-ге жуық адам, ал жалпы «Астана-Энергия» АҚ-да 1800-ге жуық адам жұмыс істейді.

Нұртілек Тасатханның сөзінше, мұнда кадр тапшылығы жоқ. Мамандарға әлеуметтік жағынан түрлі көмек көрсетіледі. Мерекелерде сыйақы беріліп тұрады. Шипажайларға ұйымның кәсіподағы тарапынан 50 пайыз жеңілдік қарастырылады. ЖЭО-2 аумағында жұмысшыларға арналған фитнес клуб бар. Онда мамандар тегін жаттыға алады.

«Барша энергетикті кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Біздің еңбегімізді қазақ елінің энергетикалық қауіпсіздігінің негізі деп есептеуге болады деп ойлаймын. Себебі жылу мен жарық – үйдегі жайлылықтың негізгі факторы. Үйіміз әрқашан жылы болып, жарығымыз сөнбесін. Еңбегіміз жемісті болсын», - деді ЖЭО-2 бас инженері Нұртілек Тасатхан.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласын дамытуға үлес қосқан бір топ азаматты марапаттаған болатын.