Ішкі істер министрлігі «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңның маңызын түсіндірді

Бүгін, 16:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ішкі істер министрлігі «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңның маңызын түсіндірді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекет басшысының Жарлығымен азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңы қабылданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Заң профилактика субъектілерінің, МИБ төрағаларының, кәсіпкерлердің және басқа да азаматтардың құқықтары мен рөлін нақты айқындайды. Бұл алдын алу шараларын қабылдау кезінде тиімді өзара іс-қимыл мен әрекеттерді үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ерекше назар ерте профилактикаға, құқық бұзушылық жасауға бейім адамдармен жазалау шараларын қолданбай жұмыс жүргізуге аударылған.

«Алғаш рет заңнамалық деңгейде «антиәлеуметтік мінез-құлық» ұғымы бекітілді. Бұл ретте, егер ол ұсақ бұзақылықтың немесе өзге құқық бұзушылықтың құрамын құраса ғана жауапкершілік көзделеді, ал өзге жағдайларда айыппұлдар мен санкциялар қолданылмайды. Жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық пен мораль нормаларын бұзатын азаматтарға қатысты түсіндіру әңгімелері, ресми ескертулер, сондай-ақ әлеуметтік және оңалту көмегі сияқты профилактикалық шаралар қолданылатын болады. Заңның жеке бір бөлімі азаматтардың құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысуына арналған. Бұл институт елімізде 2004 жылдан бері жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

ІІМ мәліметінше, бүгінде 50 мыңнан астам қоғамдық көмекші мен волонтёр бірлескен патрульдеуге, заңнаманы түсіндіруге, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге қатысып келеді. Заң мұндай қатысудың ынталандырушы сипатын күшейтеді. Әкімдіктер құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған азаматтарды, оның ішінде өндірілген әкімшілік айыппұлдардың бір бөлігі есебінен марапаттау құқығына ие болады. Ақшалай сыйақы беру сияқты шаралар құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыруға, қылмыс жасауға жағдай туғызатын бұзушылықтарды жоюға бағытталған.

Айта кету керек, азаматтарды ынталандырудың мұндай тәжірибесі бірқатар дамыған елдерде бұрыннан қолданылып келеді және өзінің тиімділігін дәлелдеген. Сонымен қатар дене күші мен өзге де құралдарды қолдануға құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында ғана, егер бұл мақсаттарға өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда рұқсат етіледі. Бұл ретте қажетті шаралар шегінен асып кетуге жол берілмеуі тиіс.

«Заңға қоғамдық орындарда бетті бүркемелейтін киім киюге тыйым салатын нормалар енгізілді. Бұл тыйым заңда көзделген жағдайларды (медициналық көрсетілімдер, қызметтік міндеттер, ауа райы жағдайлары, мәдени және спорттық іс-шаралар) қоспағанда қолданылады.

Аталған шаралар профилактикалық сипатқа ие және тұлғаларды сәйкестендіруге бағытталған, бұл қылмыстардың ашылуы мен алдын алуға ықпал етеді. Мұндай құқық бұзушылық алғаш рет жасалған жағдайда ескерту беріледі. Сондай-ақ электр самокаттарын ұсынатын каршеринг компанияларының қызметіне қойылатын жаңа талаптар енгізілді», - делінген ведомство ақпаратында.

Заң пайдаланушыларды сәйкестендіру, жылдамдықты бақылау, қауіп деңгейі жоғары аймақтарда қозғалысты шектеу, жауапкершілік туралы ақпараттандыру және жаяу жүргіншілерге кедергі келтіруге жол бермеу жөніндегі міндеттерді белгілейді.

Жалпы алғанда, жаңа заң азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамды тартуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған заманауи профилактика жүйесін қалыптастырады. Қабылданған барлық шаралар қауіпсіз орта құруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға ғана бағытталған.

Бұған дейін Қазақстанда педофилияны және ЛГБТ насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойылғанын жазған болатынбыз.