Елімізде аңшылық және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы реттеу күшейеді

Елімізде аңшылық және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы реттеу күшейеді
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс екінші оқылымда жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар бастамашы болған заң жобасы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, қолдан немесе жартылай ерікті жағдайда өсірілген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды тіркеу тәртібі қарастырылады. Бұл заңсыз ауланған жануарларды заңдастыруға жол бермеуге ықпал етеді. Сондай-ақ осы саладағы қоғамдық бақылау күшейтіледі.

Заң бойынша, аң аулау кезінде түнгі көру құралдарын, соның ішінде инфрақызыл, электрондық-оптикалық және тепловизия құрылғысын пайдалануға, сондай-ақ қорықшының еріп жүруінсіз саңырауқұрлардың үйірге түсу кезеңінде жиналатын орындарында аң аулауға тыйым салынады. Аң аулау және жануарлар дүниесін пайдалану қағидасын бұзғаны, соның ішінде жабайы жануарларды, өсімдіктер мен олардың дериваттарын, соның ішінде ақбөкен мүйізін заңсыз жарнамалағаны, тасымалдағаны, сақтағаны және өткізгені үшін жауапкершілік артады.

Бұдан бөлек, инфрақұрылым объектілерін орналастыру және пайдалану кезінде жануарлардың мекендейтін ортасын, өріс аудару жолын сақтау және олардың құрып кету қаупіне қатысты талаптар белгіленеді. «Электр желілеріндегі құстарды қорғау құрылғылары» ұғымы енгізіледі. Жануарларға қатыгездік танытқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді.

Заң жобалары бойынша жұмыс барысында депутаттар экологиялық талаптарды сақтай отырып, жекелеген аумақтарда ірі туристік жобаларды іске асыру мүмкіндігін, сондай-ақ Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына сүректі терең өңдеу және орман өртінің салдарын жою жөніндегі жобалар үшін ұзақ мерзімді орман пайдалану құқығын беруді көздейтін түзету енгізді.

Қосымша ретінде қорықшылар мен аңшылық шаруашылықы басшыларының әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша өкілеттігі кеңейеді, экологиялық құқық бұзушылықты автоматтандырылған мониторинг жүйелерімен бақылау күшейтіледі.