Астанада ЕАЭО форумы аясында ЖИ мен бәсекелестік мәселесі талқыланды
Астанада өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форум аясында «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО трансшекаралық нарықтарын дамытудың қатері ме әлде драйвері ме?» атты панельдік сессия өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Сессияға қатысушылар ЖИ технологияларының нарықтарды трансформациялауға, цифрлық экожүйелерді дамытуға әсерін және жаңа цифрлық экономика жағдайында монополияға қарсы реттеу тәсілдерінің өзгеруін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаттарынан бастап кадрлар даярлауға, заңнамалық базаға және халықаралық ынтымақтастыққа дейін - жасанды интеллектті толыққанды ұлттық экожүйесін жүйелі түрде қалыптастырып жатқаны атап өтілді.
«Бүгінгі таңда Қазақстан цифрлық даму деңгейі мен жасанды интеллектті енгізуге дайындығы бойынша Орталық Азияда көшбасшылық позицияға ие. 2025 жылы ел ЖИ-ге дайындықтың жаһандық индексінде 195 мемлекеттің ішінде 58-орынды иеленді, сондай-ақ, электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кірді, атап айтқанда БҰҰ Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орын және БҰҰ Онлайн-сервистер индексінде 10-орындарды иеленеді», делінген хабарламада.
Цифрлық егемендікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан өзінің есептеу инфрақұрылымын белсенді түрде дамытуда. Елде NVIDIA H200 жаңа чиптері негізінде екі жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер жұмыс істеп тұр.
Мемлекеттік секторға, университеттер мен стартаптарға бағытталған alem.cloud кластері өңірдегі ең ірі суперкомпьютерлік кластерге айналды және әлемдік TOP500 рейтингіне кірді. «Қазақтелеком» іске қосқан екінші кластер - AI-Farabi корпоративтік секторға, банк индустриясына және экспорттық нарықтарға бағытталған. Оның өнімділігі 103 PFLOPS-тан асады, бұл оған әлемдік TOP500 рейтингіне кіруге мүмкіндік берді.

Дискуссияға қатысушылар ЖИ-ді реттеудің халықаралық тәжірибесін, әлеуетті бәсекелестікке қарсы практикалардың жаңа нысандарын, алгоритмдердің ашықтығы қажеттілігін, сондай-ақ ЖИ-жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізу үшін монополияға қарсы органдардың құзыреттерін дамытуды талқылады.
Қатысушылар жасанды интеллект экономикалық өсудің, өнімділікті арттырудың және трансшекаралық цифрлық нарықтарды дамытудың қуатты драйвері болып қала беретінін атап өтті.
«Қазақстан жасанды интеллект саласындағы белсенді халықаралық ынтымақтастыққа дайындығын растайды және ЖИ-ді сенімділік, ашықтық, қауіпсіздік пен бірлесіп даму принциптері негізінде дамытуды құптайды. Бүгінде Қазақстан өзін ЖИ-инновациялардың өңірлік орталығы және жаһандық технологиялық қоғамдастық үшін сенімді серіктес ретінде танытуда», деп хабарлады ведомство.