Астанада жастар есірткі жарнамаланған граффитилерді өшіріп шықты
Елордада «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының еріктілері қала көшелерінде есірткі жарнамасына қарсы граффитилерді бояу акциясын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Акция барысында еріктілер Сарыарқа ауданының аумағындағы көпқабатты үйлердің қабырғасына, гараж бен аялдама маңына, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қоғамдық орындарға заңсыз жазылған есірткі сайттарының сілтемесі мен жарнамалық граффитий арнайы бояумен өшірді. Сонымен қатар қатысушылар ауданның адам көп шоғырланатын аумақтарын аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар мен қала тұрғындары арасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне деген кері көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ қала кеңістігін тыйым салынған заттарды насихаттайтын заңсыз жазулардан тазарту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай граффитилер көбіне жасөспірімдер мен жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың құралына айналып отыр.
Сондықтан еріктілер тек жазуларды өшіріп қана қоймай, қоғам назарын нашақорлық мәселесіне аударуды көздейді.
«Біздің басты мақсатымыз – жастарға есірткінің болашағын бұзатын қауіпті індет екенін түсіндіру. Қала көшелеріндегі заңсыз граффитилерді жою арқылы біз тек қоғамдық кеңістікті тазалап қана қоймай, жастардың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіруге үлес қосқымыз келеді. Осындай акциялар арқылы қоғамды бейжай қарамауға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз», – деді «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының маманы Анель Әділқызы.
Еске сала кетсек, Астанада Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған республикалық акция басталды.