Қазақстандық бітімгерлердің екінші тобы Голан жоталарына аттанды
Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентінің екінші тобы БҰҰ-ның «Бөлінуді бақылау күштері» (UNDOF) миссиясы құрамында қызмет өткеру үшін Голан жоталарына аттанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің ақпараты бойынша 69 әскери қызметші жан-жақты дайындықтан өтіп, жүктелген міндеттерді орындауға толық әзір. Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимінің сақталуын қадағалап, патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады.

«Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуы Қарулы күштердің жоғары даярлық деңгейін көрсетіп, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыра түседі. Бұл – әскери қызметшілер үшін үлкен жауапкершілік қана емес, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды миссия», делінеді хабарламада.



Еске салсақ, бұған дейін бітімгерлердің үшінші құрамының алғашқы тобы Голан жоталарына аттанған болатын.