Президент геосаяси дүрбелең кезінде өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумның өзектілігіне назар аударды
Елордада өтіп жатқан V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Қазақстан Президенті геосаяси дүрбелеңдер кезеңінде өтіп жатқан форумның өзектілігіне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алдымызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр.
Дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартады.
Осыған орай бүгінгі форум тақырыбының өзектілігі арта түсті», - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.