Алғашқы төрт жолбарыс Ресейден Қазақстанға жеткізілді

Алғашқы төрт жолбарыс Ресейден Қазақстанға жеткізілді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан жолбарысты оның тарихи таралу аймағына қайтару бағдарламасының негізгі кезеңін бастады. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Ресей Федерациясынан әкелінген төрт амур жолбарысы – екі ересек және екі шөнжік жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Жыртқыштар  Ресейдің Хабаровск өлкесінде жабайы табиғаттан ұсталып, Орталық Азияда ірі жыртқыштың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық ынтымақтастық шеңберінде берілді.

Қайта жерсіндіру бағдарламасы жолбарысты 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен өңірге қайтаруға бағытталған. Қазақстан оны практикалық іске асыруға 2010 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен жолбарысты сақтау жөніндегі форумда қол жеткізілген халықаралық уағдаластықтан кейін кірісті. Аталған форумда жолбарыс таралған елдер жабайы табиғаттағы жолбарыстардың санын қалпына келтіру ниетін растады, ал Қазақстан тиісті жобаны іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.

«Бағдарламаның ғылыми негізі 2010–2015 жылдары әзірленген Қазақстанда жолбарысты қайта жерсіндіру тұжырымдамасы болды. Ол қазақстандық және ресейлік мамандардың, сондай-ақ Халықаралық табиғат қорғау одағы сарапшыларының қатысуымен дайындалды. Қазіргі ғылыми деректер барлық құрлықтық жолбарыстардың бір түршеге – Panthera tigris tigris жататынын растайды. Осыған байланысты амур және тұран жолбарыстары ғалымдар тарапынан жеке түршелер емес, географиялық популяциялар ретінде қарастырылады. Бұл Орталық Азияда жойылып кеткен популяцияны қалпына келтіру мақсатында амур жолбарысын пайдалануға ғылыми негіз қалыптастырады», делінген хабарламада.

Қазақстандық, ресейлік және халықаралық сарапшылардың бірлескен зерттеулерінің қорытындысы бойынша қайта жерсіндіру үшін ең қолайлы аумақ ретінде оңтүстік Балқаш өңірі – Іле өзенінің атырауы ауданы және оған іргелес табиғи кешендер айқындалды. Жобаны іске асыруға дайындық шеңберінде осы өңірде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, негізгі мекендеу орындарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ жануарларды ұстау, бейімдеу және кейіннен жабайы табиғатқа жіберу үшін инфрақұрылым қалыптастырылды.

2025 жылы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары кезеңінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов Ресейден Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Қазақстанға келгеннен кейін жолбарыстар «Іле-Балқаш» резерватының арнайы дайындалған қоршауларына орналастырылып, мамандардың бақылауына алынды. Алдағы кезде карантин, бейімдеу және жануарлардың жай-күйін кешенді бағалау шаралары көзделген. Табиғи мекендеу ортасына жіберер алдында жолбарыстарға спутниктік қарғыбау тағылады.

Еске сала кетсек, былтыр қараша айында Президенттің Ресейге мемлекеттік сапары барысында 13 келісімге қол қойылды. Соның бірі Қазақстан Республикасына Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстарын әкелуге әзірлік және жеткізілген жануарлардың бастапқы бейімдеуден өтуі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары болатын.