Депутаттар экология саласын реттеу бойынша жаңа шараларды ұсынды

Депутаттар экология саласын реттеу бойынша жаңа шараларды ұсынды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулары енгізу туралы депутаттық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулер экология саласын цифрландыруға және қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмыс істеу тәртібін айқындауға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатта сондай-ақ қайталама көміртегі нарығындағы сауданы реттеу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемесі қағидатын іске асыру көзделген. Бұдан бөлек, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдауды өткізу мәселесін жетілдіру ұсынылады.

Жұмыс барысында депутаттар құжатқа бірқатар қосымша түзету енгізді.

«Атап айтқанда, теңіздегі барлауды қоспағанда, инвестициялық жобалар мен көмірсутекті барлау жобалары үшін экологиялық рұқсат пен қорытынды алу мерзімін қысқарту ұсынылады. Көмірсутекті барлау, сондай-ақ магистральдық құбыржолдар арқылы газды, газдың қайта өңделген өнімдерін, мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау қызметі І санаттағы объектілерден ІІ санаттағы объектілерге ауыстырылады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды өңдеу жүйесін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету тәртібін бекіту бойынша уәкілетті органның құзыреті бекітіледі.

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы конвенциясы аясында Париж келісіміндегі 6-баптың нарықтағы тетіктерін іске асыру қағидалары мен климаттық қаржыландыру қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер нақтыланады.

Бұдан бөлек, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдіктерінің коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру бойынша құзыретін бекіту ұсынылады.

Еске сала кетсек, Үкімет өңірлердегі экологиялық туризм жобаларын жүзеге асыруды бақылауды күшейтеді.