Атырауда полиция зейнеткердің миллион теңгесін сақтап қалды

Атырауда полиция зейнеткердің миллион теңгесін сақтап қалды
Фото: ІІМ

Атырауда алаяқтардың арбауына түсе жаздаған зейнеткерге полиция дер кезінде көмектесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз ықзметіне сілтеме жасап.

Атырау қаласында 76 жастағы тұрғын телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздады. Өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар зейнеткерге оның атына заңсыз несие рәсімделіп жатқанын айтып, ақшасын шұғыл түрде «қауіпсіз есепшотқа» аудару қажеттігін жеткізген. Әңгіме барысында олар түрлі сылтау арқылы тұрғынның сеніміне кіруге тырысқан. Соның салдарынан әйел 1 млн 300 мың теңгесінен айырылып қалуы мүмкін еді.

«Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде күмәнді алаяқтық әрекет дер кезінде анықталып, бұл туралы полицияға хабар берілген.

Ақпарат түскен бойда Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтан Иманғалиев оқиға орнына жедел жетіп, зейнеткерге мән-жайды түсіндіріп, сабырға шақырған. Сонымен қатар полицей алаяқтармен байланысты жалғастырып, олардың қылмыстық жоспарын жүзеге асыруына жол бермеген.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Құқық қорғау органдарының, банк немесе мемлекеттік мекеме қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді және жеке деректерді, SMS кодты немесе банк картасының мәліметін сұрамайды.

Еске салсақ, Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемасы әшкереленді.