Астанада көлік саласын цифрлық трансформациялау мәселелері талқыланды

Бүгін, 17:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада көлік саласын цифрлық трансформациялау мәселелері талқыланды
Фото: Көлік министрлігі

Астанада Еуразиялық экономикалық форум аясында Көлік вице-министрі Дамир Қожахметовтің қатысуымен «Көлік және логистика саласындағы цифрлық шешімдер» атты халықаралық сессия өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында көлік-логистика саласын цифрлық трансформациялаудың негізгі бағыттары таныстырылып, кедергісіз логистиканы дамыту, транзиттік процестерді жеделдету және заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстанның ірі халықаралық көлік бағыттарының тоғысында орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы жүк транзитін тиімді әрі ашық ұйымдастыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ аясында цифрлық экожүйені кезең-кезеңімен қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

«Көлік саласында интеллектуалды мониторинг жүйелері, электрондық құжат айналымы және жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Автожол саласында автомобиль жолдарының барлық этаптарында бақылауды қамтамасыз ететін бірыңғай e-Joldar жүйесі дамытылуда, сондай-ақ жол инфрақұрылымын диагностикалау және мониторинг тиімділігін арттыру үшін AI-шешімдер қолданылуда. Сонымен қатар жүк автокөліктерінің қозғалысын бақылау және көлік құралдарын автоматты түрде өлшеуді қамтамасыз ететін автоматтандырылған өлшеу станциялары желісі кеңейтілуде.

Теміржол саласында қозғалыс барысында жылжымалы құрамның техникалық жағдайын автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз ететін заманауи аппараттық-бағдарламалық диагностикалық кешендер енгізілуде», делінген хабарламада.

Қазақстан электрондық көлік құжаттары мен цифрлық сервистерді қолдану аясын да белсенді түрде кеңейтуде. Халықаралық рұқсат бланкілерімен электрондық алмасу, e-Freight және DTC жүйелерін дамыту, e-CMR электрондық жүкқұжатын енгізу, сондай-ақ кедендік және логистикалық сервистерді бірыңғай цифрлық терезеде біріктіретін Smart Cargo платформасын іске асыру жобалары жүргізілуде.

Сөз соңында вице-министр Қазақстанның халықаралық ынтымақтастыққа және цифрлық шешімдерді интеграциялауға ашық екенін атап өтіп, бұл қадамдар заманауи әрі кедергісіз халықаралық логистиканы дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске сала кетейік, елімізде 321 шақырым автожол күрделі жөндеуден өтіп жатыр.