Қазақстандық лоукостер әуе билеттеріне жеңілдіктер жасайды

Бүгін, 11:16
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстандық лоукостер әуе билеттеріне жеңілдіктер жасайды
Фото: FlyArystan

Қазақстандық лоукостер FlyArystan дәстүрлі «Берекелі бейсенбі» науқаны аясында әуе билеттердің жаңа сатылымын бастайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тек 15 және 16 қазан күндері саяхатшылар әуекомпанияның бірқатар ішкі және халықаралық бағыттарына әуе билеттер мен тарифтік топтамаларды 20% жеңілдікпен сатып ала алады.
 
Арнайы ұсыныс 2026 жылғы 16 қарашадан 2027 жылғы 3 наурызға дейінгі аралықтағы сапарларға қолданылады. Бұл ретте 2026 жылғы 24 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейінгі кезең науқанға кірмейді. Арнайы шарттар бойынша ұсынылатын әуе билеттер саны шектеулі. Билеттерді барлық сату арналары арқылы, соның ішінде әуекомпанияның ресми сайтынан және мобильді қосымшасынан сатып алуға болады.
 
Науқан келесі ішкі бағыттарға қолданылады:
 
·       Алматыдан: Астанаға, Ақтөбеге, Семейге, Түркістанға, Қостанайға және Өскеменге және кері бағытта;
·       Астанадан: Алматыға, Ақтөбеге, Семейге, Қызылордаға, Өскеменге, Шымкентке және кері бағытта;
·       Атыраудан: Шымкентке және кері бағытта;
·       Ақтаудан: Шымкентке, Оралға, Ақтөбеге және кері бағытта.
 
Сондай-ақ науқан FlyArystan әуекомпаниясының Ақтау – Дубай – Ақтау, Алматы – Инин (Құлжа) – Алматы, Астана – Үрімші және Астана – Ташкент – Астана бағыттарын қоспағанда, барлық халықаралық бағыттарына қолданылады.
 
FlyArystan әуекомпаниясының ресми сайтында және мобильді қосымшасында әуе билеттерге арналған жеңілдік автоматты түрде қолданылады.
 
Тарифтік топтаманы жеңілдікпен сатып алу үшін жолаушы қажетті топтаманы таңдап, оны брондауға қосуы керек. Жеңілдік қолданылғаннан кейін топтаманың жаңартылған құны сатып алуды рәсімдеудің келесі кезеңінде автоматты түрде көрсетіледі.
 
«Берекелі бейсенбі» — FlyArystan әуекомпаниясының жолаушыларға әуебилеттерді арнайы тарифтермен сатып алуға мүмкіндік беретін апта сайынғы науқаны. Бұл бастама әуекомпанияның әуе сапарларын қолжетімді етіп, Қазақстан ішінде және шетелге саяхаттауға көбірек мүмкіндік ашуға деген ұмтылысын көрсетеді.