Елімізде 321 шақырым автожол күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Бүгін, 14:15
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 321 шақырым автожол күрделі жөндеуден өтіп жатыр
Фото: Көлік министрлігі

Биыл елімізде жол-құрылыс маусымы басталғалы бері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жəне орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, биылғы маусымның басты ерекшелігі — жол төсемінің негізінен бастап үстіңгі қабатына дейінгі конструктивті қабаттарды кезең-кезеңімен төсеуге баса мəн берілуде. Бұл болашақ автожолдардың сапасы мен ұзақ жылдар бойы шыдас беруінің басты кепілі болмақ.

«2026 жылы күрделі жөндеу аясында 25 нысан бойынша жалпы 321 шақырым автомобиль жолдары қамтылды, олардың 19-ы өткен жылдан өтпелі, ал 6-уы жаңа нысандар болып табылады. Маусым басынан бері негізгі жұмыстар жол жамылғысының конструктивтік қабаттарын салуға шоғырланған», делінеді хабарламада. 

Қазіргі уақытта жоспарлы жұмыстар аясында 231 шақырым негіздің төменгі қабаты, 190 шақырым негіздің жоғарғы қабаты, 230 шақырым жабынның төменгі қабаты және 78 шақырым жабынның жоғарғы қабатын салу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ биыл 124 нысан құрамында 69 өтпелі және 55 жаңа учаскені қамтитын жалпы 3,7 мың шақырым автожолдарда орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар аясында да негізгі көлем жол жамылғысының конструктивтік қабаттарын салуға тиесілі: маусым басынан бері жоспарланып, негіз қабатын салу жұмыстары жүргізілуде — 1,1 мың шақырым, жабынның төменгі қабаты — 1,8 мың шақырым, ал жабынның жоғарғы қабаты — 2,4 мың шақырымда орындалуда.

Еске салсақ, Астана – Павлодар тасжолында ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.