Елімізде балалар жарақатының алдын алу бойынша ауқымды акция өтті
Жазғы демалыс қарсаңында ел аумағында балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға және жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Абайлаңыз - балалар!» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған акцияға екі мыңнан астам ұйым мен мекеме, оның ішінде 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым жұмылдырылды.
«Іс-шарада балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Көліктік бақылау органдарымен бірлесіп, үш мыңнан астам мектеп автобусы тексерілді. Тексеру нәтижесінде 400-ге жуық техникалық ақауы бар көлік құралы анықталып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 200-ден астам нұсқама берілді.
Сондай-ақ жас жол инспекторларымен бірлесіп, жолда жүру қағидаларын насихаттауға бағытталған мыңға жуық профилактикалық және үгіт-насихат іс-шаралары өткізілді», - деді бұл жөнінде ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Полиция ата-аналарды, жүргізушілерді және барлық жол жүрісіне қатысушыларды жазғы демалыс кезеңінде барынша мұқият болуға шақырады.