Ұлытауда тегін тамақпен қамтылған 2,5 мыңдай баланың күнделікті тағам үлесі ұлғайтылды

Бүгін, 15:55
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлытауда тегін тамақпен қамтылған 2,5 мыңдай баланың күнделікті тағам үлесі ұлғайтылды
фото: Elordainfo.kz

Ұлытау облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс прокуратурасына сілтеме жасап. 

Жаңаарқа ауданы прокуратурасының талдауы барысында мектептерде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде заң бұзушылықтар анықталды.

Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде тамақтану мәзірі санитариялық талаптарға сәйкестендіріліп, тегін тамақпен қамтылған 2534 баланың күнделікті тағам үлесі ұлғайтылды, сондай-ақ ұсынылатын тағамдардың сапасына бақылау күшейтілді.

Жіберілген заң бұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларына жүргізілген мониторинг барысында аудан мектептерінің бірінде кәмелетке толмаған балаға қатысты жүйелі түрде қорлау мен дене жарақатын келтіру фактілері арқылы буллингті жасыру дерегі анықталды.

Прокуратураның араласуынан кейін кінәлі кәмелетке толмағандардың ата-аналары, сондай-ақ білім беру ұйымы директорының орынбасары әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.