Президент: Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығының келешегі зор
Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетиканы ынтымақтастықтың аса табысты бағыты ретінде қарастыруға толық негіз бар.
– Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстарын және электр энергиясын өндіру, тасымалдау, ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мәселелерін табысты шешудің мәні зор. Еуразиядағы көлік байланысы көбіне біздің елдерімізге тәуелді. Қазақстан мен Ресей Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту жолында жемісті жұмыс атқарып жатыр. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді, былтырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Ол үшін озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгіземіз. Мемлекеттеріміз арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу – осы істің жарқын мысалы. Ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. «Байқоңыр» космодромы көп жылдан бері жемісті ғылыми-техникалық серіктестігіміздің символы ретінде қызмет етіп келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында «Сұңқар/Cоюз-5» жаңа зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халықаралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға төрт Амур жолбарысының әкелінуін Ресей Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы айтулы оқиға деп атады.
– Құрметті Владимир Владимирович, Қазақстан аумағына жолбарыстарды жерсіндіру жөніндегі бастамамызға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге шынайы алғыс айтамын. Бағалы сыйыңыз туралы ел азаматтарының барлығы кеңінен құлағдар болды. Осы игі іске атсалысқан екі елдің мамандарына ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілгенін айтты.
– Қазақстан мен Ресейде екі елдің Мәдениет күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықтарымыздың бай рухани мұрасын паш ететін іс-шаралар кеңінен өткізіледі. Екі ел тарихшылары мен саясаттанушыларының пікірталас алаңдарында бас қосуы да игі дәстүрге айналды. Биыл үшінші Қазақстан – Ресей медиафорумы өтеді. Бұл жиын ақпараттық ықпалдастықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар халықтарымыздың арасына сына қағатын жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасуға қажет. Биыл шілде-тамыз айларында Астанада үшінші «Болашақ ойындарын» табысты өткізуге ден қойып отырмыз. Білім саласындағы бірлескен жобаларға арнайы тоқталғым келеді. Қазақстанда «Сириус» таланттары екі рет кездесті. Яғни жаңа буын мамандарын даярлау үшін дарынды жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Биыл қаңтар айында Алматыда «Сириус» орталығы бой көтеретін жерге алғашқы капсуланы салу рәсімі өтті. Жаңа ғана біз Астанада дәл осындай іс-шараға куә болдық. «Сириус» орталығының білім беру жобалары гуманитарлық саладағы мақтан тұтар бастамамызға айналып, екі елдің зияткерлік қуатын арттыруға зор үлес қосары анық, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.
– Бүгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру. Сөз соңында екі ел байланыстарын өрбітуге қосқан тарихи үлесі үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастығымыз айрықша сипатқа ие екенін тағы да растады. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін бірге күш жұмылдырып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарымызды нығайтатын жолға батыл қадам басамыз, – деді Қазақстан Президенті.