Қазақстандықтар әлеуметтік маңызы бар және мемлекеттік мобильді қосымшалармен тарифсіз қамтамасыз етіледі
Мәжіліс екінші оқылымда Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды енгізуге және халықты жылдамдығы жоғары интернетпен, сапалы және қолжетімді байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Құжат аясында байланыс нысандарын, оның ішінде діңгек-антенна орнату, тірек және басқа құрылыс нысандарын салу үшін жер телімдерін беру тәртібі оңайлатылады, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда белгіленген тәртіппен байланыс желілерін салуға рұқсат етіледі.
Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын верификациялау функциясы мемлекеттік монополияға, атап айтқанда Мемлекеттік радиожиілік қызметіне беріледі. Бұл норма тұтынушыларға сатып алынатын құрылғылардың түпнұсқалығы мен сапасына кепілдік алуға, қоғамдық және жеке қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшалармен (мысалы, eGov) тәулік бойы және тарифсіз қамтамасыз ету ұсынылады.
Бұған қоса, заң арқылы деректер орталықтарының критерийлері жаңартылады. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органды құрылыс жұмысы басталғаны және деректерді өңдеу орталықтарының пайдалануға берілгені туралы хабардар етуге міндеттеледі.
Жекелеген нормалар спутник байланысын дамытуды, геостационарлық емес спутниктерді пайдалану шарттарын жаңартуды және Қазақстанның Бірыңғай телекоммуникациялар желісіне кіретін заттар интернеті желілерінің қызметін реттеуді және басқа да бағыттарды қамтиды.