Астанада әлеуметтік саланы кешенді дамытудың басымдықтары талқыланды
Қазақстан Республикасы Прьемер-министр орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Астана қаласы әкімдігінде қала активі мен Қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан кеңейтілген отырыс өтті. Жиында елордадағы әлеуметтік саланың жағдайы мен Мемлекет басшысының елордада өмір сүру сапасын арттыру бойынша тапсырмасының орындалу барысы талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Отырыс барысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек халық санының тұрақты өсуі қала инфрақұрылымына жаңа міндеттер қойып, алдын ала жоспарлауды қажет ететінін жеткізді.
1 қарашадағы есеп бойынша, Астана халқының саны 1 622 245 адамға жеткен. Жыл басынан бері халық саны 93 542 адамға артқан, оның ішінде 17 265 адам табиғи өсім есебінен, ал 76 277 адам көші-қон арқылы тіркелген. Халық саны 6,12% өсіп, жыл сайынғы көші-қон ағыны шамамен 100 мың адамға жеткен. Бұл жағдай денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау жүйелеріне түсетін жүктемені айтарлықтай арттырып отыр.
Жиында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше назар аударылды. ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, елордада 277 медициналық ұйым жұмыс істейді. Ғимараттардың тозу деңгейі – 14,7%, медициналық техникамен қамтылуы – 82,4% (ел бойынша орташа көрсеткіш – 86,7%). Сонымен қатар салада кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі демографиялық жағдайда перзентханалар мен перинаталдық орталықтарға да көңіл бөлу қажет. Соңғы 10 жылда елордадағы босану саны 45%-ға артқан.
Аида Балаева нақты бағытталған медициналық көмек көрсетудің маңызын сөз етті.
«Медицина бақылаусыз жағдайда жұмыс істей алмайды. Көмек пен қызметтер нақты бағытталуы тиіс. Басқарушылық шешімдер жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтарға қызмет сапасының жақсаруына ықпал етуі тиіс», — деді ол.

Халық санының тұрақты өсуі мен көші-қон белсенділігі білім беру саласына да әсер етіп жатыр. ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, елордада шамамен 200 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 300 мыңнан астам оқушы бар. Жыл сайын оқушылар саны 10-12 мың балаға артып келеді.
Сонымен қатар салада бірқатар қиындық та бар. Атап айтсақ, жекеменшік мектептердегі кадр тапшылығы мен инфрақұрылым мәселесі. 2025 жылы жекеменшік мектептерді қаржыландыруға 272 млрд теңге бөлінген, бұл білім беру қызметтерінің ашықтығын, стандарттарға сәйкестігін және сапасын арттыру міндетін айқындайды.
Ерекше назар мектепке дейінгі және бастауыш білім беру жүйесіне аударылды. Жиын қатысушылары педагогтерді даярлау сапасын арттырудың, сонымен бірге мұғалімдерге түсетін артық әкімшілік жүктемені азайтудың маңызды екенін атап өтті.
«Инфрақұрылым салып, заманауи техникамен жабдықтауға болады. Алайда сапа жоқ болса, нәтиже де болмайды. Бүгінгі балалар – ертеңгі қоғам. Президент көтерген бастамалар жауапты әрі белсенді азамат қалыптастыруға қызмет етуі қажет», — деді вице-премьер.

Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект мұғалімді алмастыру үшін емес, оны қолдайтын құрал ретінде қажеттігі айтылды.
Астана ірі академиялық орталық мәртебесіне ие болғанымен, жоғары білім беру жүйесінде кадр даярлау бойынша құрылымдық мәселелер бар. Қаладағы 13 жоғары оқу орнында 105 мыңнан астам студент білім алады. Алайда гуманитарлық бағыттарда артықшылық болғанымен, инженерлік, IT, медицина және педагогика саласы бойынша тапшылық бар. ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қабылдау жүйесін экономика сұранысымен тығыз байланыстыру, дуалды оқытуды дамыту және білім беру бағдарламаларын цифрландыру мен ЖИ-ді талаптарына сай жаңарту қажет.
Демографиялық өсім еңбек нарығы мен әлеуметтік қолдау жүйесіне де әсер етуде. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, елордадағы экономикалық белсенді халық саны 750 мыңнан асады. 2024-2025 жылдары қалаға 90 мыңнан астам адам келген, әлеуметтік қолдау алушылар саны 120 мыңға жуық. 2025 жылы 42 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар спорт және туризм инфрақұрылымы да қаралды. Астанада 800-ден астам спорт нысаны бар, олардың 60%-ға жуығы – жекеменшік. Инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 55-60% шамасында. Қала тұрғындарының 41%-ы спортпен жүйелі түрде айналысады, алайда жаңа тұрғын алаптарында жақын маңда қолжетімді спорт нысандары жеткіліксіз.
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жиынды қорытындылай келе, елорданың әлеуметтік дамуы демографиялық және көші-қон процестерін бағалауға негізделген кешенді шешімдерді қажет ететінін атап өтті.
Астана қаласының әкімдігі мен салалық мемлекеттік органдарға қызметтерді мақсатты жоспарлау мен қаржыландыру, кадр саясатын экономика сұранысына сай жүргізу, жаңа тұрғын алаптарында әлеуметтік инфрақұрылымды қолжетімді ету, бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету және елорданың Қоғамдық кеңесімен өзара байланысты күшейту тапсырылды.

Сондай-ақ Астананың халқының қарқынды артуы кезінде тұрақты дамудың негізгі факторы нысандар мен бағдарламалардың саны емес, басқару сапасы екені ерекше атап өтілді.