«Ұлы Дала дауысы»: Эстонияда қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерт өтті
Бұл туралы Астана қаласы Мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Музыка — ұлт пен шекарадан жоғары тұратын әмбебап тіл, ал мәдени көпірлер елдер арасындағы ең берік байланыс орнатудың жолы. Бүгін Эстония мен Финляндиядағы Астана мәдениет күндері аясында Эстония музыка және театр академиясының концерт залында «Ұлы Дала дауысы» атты концерттік бағдарлама өтті. Қазақстан мен Эстония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдан бері жалғасып келеді. Музыка мерекесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Барыс» ордендерінің иегері Марат Бисенғалиев ашты. Қазақ композиторы Дәулеткерейдің күйлері мен Шолпан Қорғанбектің «Аманат», «Көк түріктер» атты авторлық шығармаларын «Қорқыт» ансамблінің шебер орындауы көрермендерді ерекше әсерге бөледі», - деді Е.Каналимов.
Оның айтуынша, елордалық филармонияның солистері кештің ажарын аша түскен.
«Халықаралық байқаулардың лауреаты Әнел Смаилова халық әні «Көзіңнің мөлдірін-айды», ал Нұрайым Ерталапқызы «Беу Айдайды» орындап, тыңдаушыларды баурап алды. Сонымен қатар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Фируза Рахметова, Нұрсәт Алмас, Шахризада Тыныштық және Алтынбек Арыстанбектің орындауындағы опералық шығармалар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді», - деп жазды ол.