Астанадағы «Нұра» ауданында жаңа гүлзарлар мен демалыс орындары көбейіп келеді
Елорданың «Нұра» ауданында жаңа қоғамдық кеңістіктер ашу және аулаларды абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Аудан құрылғаннан бері мұнда 50-ден астам аула және 15-ке жуық гүлзар абаттандырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа қоғамдық кеңістіктер тұрғындарға серуендеп, демалатын орындар үйіне жақын болуы үшін тұрғын үй кешендерінің маңынан да ашылып жатыр.
Жеке бағыттардың бірі – инвесторлардың қаражаты есебінен гүлзарлар ашу. Қазір ауданда осындай жеті нысан абаттандырылды, тағы бесеуінде жұмыс жүріп жатыр. Олардың қатарында ашық аспан астындағы ғарыш музейінің жанында орналасқан «ҚазМұнайГаз» гүлзары бар.
Тұрғындарға бұрыннан таныс қалалық орта да жаңарып келеді. Өткен жылы Орталық саябақтағы аллея жаңартылса, биыл Елорда циркі маңындағы аумақты абаттандыру жұмысы аяқталады.
Халықаралық әуежай тарапынан қалаға кіреберісте орналасқан елорданың танымал нышандарының бірі – «Астана жұлдызы» стеласында да кешенді жаңарту жұмысы жалғасып жатыр.
Аудандағы елеулі жобалардың бірі – Greenline аллеясы. Оның Әнет баба көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі бірінші кезеңі 2025 жылы абаттандырылды. Қазір екінші кезең бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Төле би көшесінен Әнет баба көшесіне дейінгі, сондай-ақ Әйтеке би көшесінен І.Омаров көшесіне дейінгі аумақтар абаттандырылып, көгалдандырылуда. Жұмыстарды биыл қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Тағы бір жоба – Кіші Талдыкөл көлінің маңында Экопарк салу. Қазір мұнда құрылыс жұмысы басталды.
Сонымен қатар аудан аумағы да көгалдандырылып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындар да көгалдандыру жұмысына белсенді атсалысуда.
Бірнеше жыл ішінде ауданда 24,5 мың ағаш және 277 мыңға жуық сәндік әрі гүлді бұта отырғызылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін тағы 8,5 мыңнан астам ағаш пен 132 мыңнан астам бұта отырғызу жоспарланған.
Осылайша, «Нұра» ауданында тұрғындар үйінің маңында серуендеп, демалып, уақыт өткізе алатын орындар біртіндеп көбейіп келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Елордадағы абаттандыру жұмыстары барлық алты ауданда жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.
Бұған дейін «Алматы» ауданында 200 мыңнан астам ағаш пен гүл отырғызылғанын жаздық.