Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта жаңа куәлар жауап берді
Астанада жедел медициналық жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті отырыста куәлардан жауап алынып, бірқатар құжат зерттелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен куәгер Г. Ақшаловаға қосымша сұрақтар қойылды. Бұдан кейін тұрғын үйдің қасбеті құлаған соң техникалық зерттеу жүргізген «Астана-Технадзор» ЖШС маманы Д. Воробьев жауап берді.

Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Абуов кондоминиум нысанының бұрынғы сенім білдірілген тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша қылмыстық істің Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгені туралы рапортты іс материалдарына қосуды сұрады.
Сонымен қатар прокурор Астана қаласы прокурорының орынбасары бекіткен тұрғын үй құрылыс салушысына қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны да іске қосуды өтінді.

Түскі үзілістен кейін Астана қаласы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаменті мен Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан келген жауаптар зерттелді.
Келесі сот отырысы 2026 жылдың 16 қыркүйегі күні сағат 10:00-ге белгіленді. Жәбірленуші өкілі, адвокат Ж. Құрымбаеваның өтінішхаты бойынша Ұлдана Мырзуанға операция жасаған нейрохирург дәрігерден және Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бұрынғы маманынан жауап алынбақ.
Сот отырысы ашық режимде өтіп жатыр.
Бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесі басталғанын жазғанбыз.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр қарашада елордада үстіне кондиционер қондырғысының бөлігі құлаған фельдшер қайтыс болған еді.