Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Ішкі істер министрлерімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесі қарсаңында түркі елдері құқық қорғау ведомстволары басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға Әзербайжан Республикасы Ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрі Улан Ниязбеков, Түркия Республикасы Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи, Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қатысты.
Президент түркі елдерінің ынтымақтастығы жылдан жылға күшейіп келе жатқанын айтты. Себебі біздің тарихымыз – тамырлас, тіліміз бен дәстүріміз – ұқсас, мүддеміз – ортақ.
– Біздің достығымызды бекемдей түсуге Түркі мемлекеттері ұйымы зор үлес қосуда. Қазақстан бұл беделді құрылыммен жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға баса мән беріп отыр. Ұйымға мүше елдер түрлі саладағы, соның ішінде күштік құрылымдар арасындағы өзара байланысын күшейтіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ішкі істер министрлерінің кездесуі айрықша маңызды екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әлемде ауқымды өзгерістер болып жатқанына, дүние жүзінде сын-қатерлер көбейгеніне назар аударды.
– Жаһандық ахуал тұрақсыз, құбылмалы сипатқа ие болды. Соған қарамастан, күллі әлем елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Заман талабына сай өркениетті елдер қатарында боламыз десек, шапшаң әрі ширақ қимылдау қажет. Осы мақсатпен Қазақстанда түбегейлі реформалар жүзеге асырылды. Наурыз айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті, Конституция қабылданды. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекетіміздің мызғымас қағидатының бірі ретінде айқындалды. Конституцияға сәйкес, елімізде жаңа саяси лауазым – Вице-Президент тағайындалды. Үкіметтің жаңа құрамы жұмысқа кірісті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік басқару мен қауіпсіздікті сақтау құрылымындағы реформаларға тоқталды.
– Атап айтқанда, жаңа мемлекеттік орган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Бұл мекеме жаһандық және мемлекеттік ауқымдағы сын-қатерлерге жан-жақты талдау жүргізеді, ұлттық қауіпсіздік саласындағы жұмысты үйлестіреді. Сонымен қатар көп ұзамай жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі жасақталады. Осылайша, еліміздегі билік тармақтары тұтастай жаңаруда. Ауқымды өзгерістер барлық саланы, соның ішінде құқық қорғау саласын да қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент туыстас мемлекеттердің басшыларына ыстық ықыласын жолдап, түбі бір түркі елдері әрдайым достық қарым-қатынаста болуға тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ іс-шарада Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі.
