eGov қызметкері болып қоңырау шалатын алаяқтар көбейді – Бас прокуратура

eGov қызметкері болып қоңырау шалатын алаяқтар көбейді – Бас прокуратура
Фото: ЖИ

Қазақстанда алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшіп, өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстырып жүр. Бұл туралы Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Интернет-алаяқтық фактілерінің саны 14,8%-ға, яғни 17,2 мыңнан 14,6 мыңға дейін төмендегенімен, қылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа жолдарын қолдануын жалғастыруда.

Тек соңғы бір айдың ішінде елімізде алаяқтардың өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстырған 30-ға жуық фактісі тіркелген.

Әдетте қаскөйлер азаматтарға олардың атына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімделгенін немесе басқа да заңсыз әрекеттер жасалғанын айтып, үрей туғызады. Кейін олардың сыбайластары байланысып, заңсыз несие рәсімделуінің алдын алу сылтауымен жәбірленушіні өздері көрсеткен шотқа ақша аударуға көндіреді.

Мәселен, Тараз қаласының тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің атына ЭЦҚ шығарылғанын айтқан.

Кейін WhatsApp арқылы басқа адамдар хабарласып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін жеткізген. Алаяқтарға сенген әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам ақша аударған.

Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура азаматтарды қырағы болуға шақырады. Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді.

– Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпия сөздерді, банк картасы мен ЭЦҚ деректерін бермеңіз. Сондай-ақ белгісіз адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз.

Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, мемлекеттік органға немесе банкке тек ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз, – делінген хабарламада.

Бұған дейін алаяқтар атыңызға несие ресімдеуіне қалай жол бермеуге болатыны жайлы жаздық