МӘМС-тен 3 млн-нан астам адам тыс қалды: бұл санаттағылардың жарналары қалай төленетіні белгілі болды


Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасының таныстырылымында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі барлық мүдделі органдармен бірлесіп жүйені нығайтуға байланысты бірқатар заңнамалық шараларды ұсынды.
«Бұл өзгерістер медициналық көмектің сапасын, арттырып қана қоймай, денсаулық сақтаудың ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні 16,7 млн, яғни 82 пайыз қазақстандық сақтандырылған болса, оның 12,1 млн-ы, яғни 72 пайызы мемлекет тарапынан жеңілдік санаттарына енгізілуіне байланысты сақтандырылуда. 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Оның ішінде 2,4 млн адамның өмір сүру деңгейі қанағаттанарлық болса, ал 1 млн халқымыз әлеуметтік әл-ауқаты жағынан осал топтағы азаматтар, яғни отбасылық базалық қажеттіліктерін әрең жабатын азаматтар.
Осы санаттағы азаматтар үшін, халықаралық тәжірибеге сәйкес, тиісті медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік жасау мәселесін жергілікті атқарушы органдарға жүктеу ұсынылады. Бұдан басқа ресми тіркелген жұмыссыз азаматтардың МӘМС жарналарын төлеу шығыстарын жергілікті биліктерге жүктеу ұсынылады. 2026 жылдан бастап осы шаралардың есебінен елімізде МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан астам адам қамтылады деп күтіліп отыр»,- деді министр.



