00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада инклюзивті білім берудің тиімді технологиясы талқыланды

29 қараша, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада инклюзивті білім берудің тиімді технологиясы талқыланды
Фото: Сұлтан Сейіт

Астананың №3 арнайы мектебінде қалалық Білім басқармасы және Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Зердесі зақымдалған балалармен жұмыс барысындағы түзету-педагогикалық қызметінің тиімді технологиялары: мақсаты, құралдары, нәтижелері» атты республикалық семинар-практикум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Екі күнге созылған іс-шара ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қоғамда және мектепте қолжетімді орта қалыптастыру, оқушыларды жалпы білім беру арқылы әлеуметтендіру бойынша тәжірибе алмасуға бағытталды. Зердесі зақымдалған балалармен жұмыс істеу кезінде түзету-педагогикалық қызметінің тиімді технологияларын қолдану турасындағы диалог алаңына 50 адам қатысты.

Семинардың теориялық бөлімінде бірқатар баяндамалар ұсынылып, арнайы білім беруді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Астана қаласы және Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау, Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстары арнайы мектеп мұғалімдерінің жұмыс тәжірибесі ортаға салынды.

Конференцияға Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исенова, елорданың Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Жангелді Әмірғалиев, аталмыш орталықтың арнайы және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Салтанат Қасымқанова, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында №3 арнайы мектеп педагогтері озық тәжірибелерін бөлісіп, ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізді. Онда зердесі зақымдалған оқушыларды оқыту ерекшелігі мен тәрбиелеудегі тиімді технологиялар жайында сөз қозғалды.

Семинар-практикумның басты ерекшелігі – арнайы мектептердің педагог-дефектологтарының оқу-тәрбие процесінде нейрожелі мен жасанды интеллектіні пайдалануы көрсетілді. Бұл әдіс оқу бағдарламасын әр оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеп, қызығушылығын арттырып, оқу мазмұнын түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Индира БЕРЖАНОВА