Кездесу барысында мемлекеттер басшылары экономикалық ықпалдастықтың басым бағыттарын талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Атап айтқанда, тараптар сауда-инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі екеніне назар аударды.
«Бұл сапар екі мемлекет арасындағы өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бойынша көпке үлгі. Біз Эстонияның заң мен тәртіп қағидатын ұстануға, білім беру деңгейін арттыруға және орнықты дамуға бейілділігін жоғары бағалаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан мен Эстония барлық бағыт бойынша жан-жақты байланыс орнатқанын жеткізді.
Екі ел арасындағы саяси диалог ашық әрі сындарлы сипатта өрбіп, өзара түсіністікті нығайтуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарып отыр.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Эстония халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты жолға қойған.
Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдары ұқсас.
Кездесуде өзара қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі саналатын экономикалық ынтымақтастыққа баса мән берілді.
Президент Эстонияның 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 миллион доллардан асқанын атап өтті. Қазір елімізде 80-нен астам эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында табысты жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысының пікірінше, Эстониядан үлкен бизнес-делегацияның келуі Таллиннің серіктестік аясын одан әрі кеңейту ниетін танытады. Қазақстан эстониялық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету Қазақстан мен Эстония арасындағы достықты нығайтуға тың серпін береді деп санайды.
Президент ғылым-білім саласы екіжақты ынтымақтастықтың ең перспективті бағыты болып қала беретінін айтты.
Алар Карис Қазақстанды Эстонияның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі деп атады.
«Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді. Еуропа Одағының мүшесі ретінде Эстония Орталық Азияның, оның ішінде аймақта көш бастап тұрған Қазақстанның ЕО-мен стратегиялық серіктеске айналғанына қуанады. Атап айтқанда, ЕуроОдақ Global Gateway жобасы аясында көлік және өңіраралық байланыс саласындағы қатынастарды нығайтуға ниетті», – деді Эстония Президенті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келгені үшін Алар Кариске ризашылығын білдіріп, бүгінгі кездесуді шынайы достықтың нышаны әрі өзара ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алар Карис келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.