Бүгін Алматыда ревматологтардың, жалпы практика дәрігерлерінің, терапевтердің, пульмонологтардың, дерматологтардың, неврологтардың, гастроэнтерологтардың, гепатологтардың және басқа да мамандықтар дәрігерлерінің қатысуымен «Аутоиммунды аурулар: пәнаралық мәселелер» атты 6-шы халықаралық ғылыми телекөпір гибридтік форматта өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұйымдастырушылар: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Республикалық ревматология орталығы және Қазақ ревматология алқасы.
Іс-шараны өткізудің мақсаты: болжамды түбегейлі жақсартуға, пациенттердің әлеуметтік бейімделуіне көмектесуге және олардың еңбекке қабілеттілігін сақтауға қабілетті инновациялық жоғары тиімді дәрілік препараттарды пайдалана отырып, тірек-қимыл аппаратының қабыну және дегенеративті ауруларын ерте диагностикалау және емдеудің заманауи әдістерін енгізу проблемаларын шешу үшін мамандардың күш-жігерін біріктіру.
«Аутоиммунды аурулар буындарға, басқа мүшелер мен жүйелерге де әсер ететіндіктен, бұл кешенді емдеу мен диагностикалау үшін пульмонологтармен, дерматологтармен, неврологтармен, гастроэнтерологтармен, гепатологтармен және басқа да мамандармен өзара іс-қимылды талап етеді», – деп атап өтті Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасының терапиялық қызмет жөніндегі орынбасары, Қазақ ревматология алқасының төрағасы Ғалымжан Тоғызбаев.
Оның айтуынша, пәнаралық тәсіл пациенттерді нақты диагностикалауды, тиімді емдеуді және өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз етеді.
Аутоиммунды аурулар барлық жас топтарында кездеседі. Созылмалы ағымымен ерекшеленеді, жылдам дамып, ерте мүгедектікке әкеледі және ерте өлім-жітім қаупін төндіреді. Бірақ аурулардың созылмалы ағымына қарамастан, қазіргі заманғы ғылым мен медицинаның жетістіктерінің арқасында жағдай едәуір жақсарды.
Конференция аясында жетекші қазақстандық және ресейлік сарапшылар аутоиммунды ауруларға байланысты кең ауқымды мәселелерді, сондай-ақ аутоиммунды ауруларды диагностикалау, емдеу және зерттеу саласындағы соңғы жетістіктерді талқылады.
Жалпы секцияда бейнеконференцияға қатысушылар ревматологиядағы жаңа үрдістермен танысты. Басқа 3 секцияның жұмысы барысында нефрология, тиімді фармакотерапия, гастроэнтерология, клиникалық фармакология, ревматология және басқа да бағыттардағы зертханалық диагностика салаларындағы пәнаралық тәсіл мәселелері қаралды.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар сертификаттар алды.