Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII консультативтік кездесуінде ОА бірыңғай туристік брендін ілгерілетуде пәрменді шаралар қабылдауды және ортақ туристік кеңістік құруды ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.
Елдердің күш-жігерді біріктіруі халықаралық деңгейде тартымдылықты күшейтуге, бәсекеге қабілетті трансшекаралық туристік өнімдерді дамытуға және туристер қатарын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Орталық Азияда жалпы туристік ағын шамамен 30 миллион саяхатшыға жетеді. Аймақтың бірегей әлеуеті бар: Ұлы Жібек жолының ежелгі қалалары, табиғи алуан түрлілігі, өзіндік мәдениеті және Дүниежүзілік мұра нысандары.
Бірыңғай туристік кеңістіктің құрылуы саяхатшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Оның арқасында бір сапар барысында туристер бірден бірнеше елдің табиғи ландшафттары мен мәдени байлығымен таныса алады.
«Шет елдерден келетін әрбір екінші турист кем дегенде екі елді бір сапар барысында аралауға тырысады. Ең танымал формат – Ұлы Жібек жолы бойынша біріктірілген турлар. Оларды аймақтың негізгі туристік өнімі ретінде бекітілу ұсынылады. Президент атап өткендей, бұл үшін туристік саясатты тиімді үйлестіру қажет. Осы бағытта алғашқы қадамдар жасалды», - деді ҚР «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы үш халықаралық теміржол туры ынтымақтастықтың сәтті үлгісіне айналды. Ұлы Жібек жолының ізімен өтетін трансшекаралық маршрут аймақ елдерінен ғана емес, алыс шетелдерден де саяхатшылардың назарын аударды.