Бүгінгі Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолындағы мемлекет. Ел Президенті атап өткендей, реформалардың табысты болуы – білікті кадрлар мен жаңа формациядағы мамандарға байланысты. Осы ретте өңірлік деңгейдегі кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында қолға алынған бастамалардың бірі – Өңірлік жастар кадр резерві.
ХХІ ғасыр – бәсеке мен технология ғасыры. Мемлекеттік басқару жүйесі осы заманның талабына сай болуы тиіс. Кешегі басқару әдісімен бүгінгі қоғамның күрделі сұраныстарына жауап беру мүмкін емес. Сондықтан мемлекетке жаңаша ойлайтын, жылдам шешім қабылдайтын, нәтижеге жұмыс істейтін жаңа буын қажет. Өңірлік жастар кадр резерві дәл осындай кадрларды іріктеуге арналған.
Бұл жобаға қатысу – жастар үшін үлкен сенім мен жауапкершілік. Өңірлік басқару – ел дамуының тірегі. Облыс, қала, аудан деңгейіндегі мемлекеттік басқару тиімді болса, бүкіл елдегі сапалы өзгерістердің негізі қаланады. Осы тұрғыда әр өңір өзінің кадр әлеуетін нығайтуы қажет.
Аталмыш жобаға іріктеу алғаш рет 2024 жылы 1 наурызда басталып, Астана қаласы бойынша 581 адам тіркеліп, оның ішінде талап етілетін құжаттарды толық ұсынған 297 қатысушы заңнаманы білуге арналған тестілеуге жіберілді.
Бүгінде Астана қаласының Өңірлік жастар кадр резервіне 49 резервші, оның ішінде 30 резервші іріктеу арқылы, ал 19 резервші іріктеуден тыс Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия бекіткен тізімге сәйкес қабылданып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту.
Жоба іске қосылғалы бері ел аумағында бірнеше жас мемлекеттік қызметшілер резервке енді. Қазіргі таңда төрт резервшісі Астана қаласының аудан әкімдерінің және басқарма басшыларының орынбасарлары қызметтеріне конкурстан тыс тағайындалып, қызмет етуде.
Ашықтық, әділдік, жауапкершілік және даму мүмкіндігі – дәл осы жобаның табысты болуын қамтамасыз етті.
Өңірлік жастар кадр резерві – болашақтың көшбасшыларын дайындайтын берік негіз. Бұл бастама жалғасын тауып, еліміздің барлық өңірінде нәтижелі түрде жүзеге аса беретініне сенім мол.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Астана қаласы
бойынша департаменті