2025 жылғы 7 қарашада Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктер мен бейрезидент-банктер филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару қағидаларына өзгерістер енгізетін №70 қаулыны қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа құжатта кейінгі 12 айда 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар азаматтар үшін борыш жүктемесі коэффициенті (БЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі. Агенттік мұндай шектеу қарыз алушылардың қайтадан шамадан тыс міндеттеме алуын тоқтатып, қайталама дефолт қаупін азайтуға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар кепілсіз тұтынушылық кредит беру келесі жағдайларда шектеледі:
банктік қарыздар бойынша 30 күннен астам, микрокредиттер бойынша 1 күннен астам төлем мерзімі өткен болса;
2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 айда негізгі қарыз немесе сыйақы толық кешірілген болса;
кейінгі 12 айда жүргізілген қайта құрылымдау қарыз алушының төлем қабілетін жақсартуға әсер етпесе.
Жаңа талаптар 2025 жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді.