Астанада мал иелерін мал ұрлығынан, ал қала тұрғындарын сапасыз ет өнімдерінен қорғау мақсатында «Мал ұрлығы» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері ветеринарлық инспекциямен бірлесіп, заңсыз жұмыс істеп келген жасырын ет өңдеу цехын анықтады. Тергеу барысында еттің өрескел антисанитариялық жағдайда, ветеринарлық-санитарлық нормалар мен талаптарды сақтамай өңделгені белгілі болды. Сондай-ақ ұйымдастырушыларда қажетті рұқсат құжаттары мен ветеринарлық анықтамалар болмаған.
«Тексеру нәтижесінде 5 жылқының, 24 ірі қараның және 13 ұсақ малдың тұтас еті, сондай-ақ ет өңдеуге арналған арнайы құрал-жабдықтар мен аспаптар табылды. Бұған қоса, 180 қап дайын ет өнімі тәркіленді», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасы бойынша тексеру жүргізілуде. Мал мен ет өнімдерінің шығу тегі анықталуда, оның ішінде олардың ұрланған-ұрланбағаны да тексерілуде.