Астанада индустриялық өндіріс қарқынды дамып келеді. 2024 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі 10%-дан асып, 2,5 трлн теңгеге жетті. Елордада жаңа өндірістік қуаттар іске қосылып, логистикалық инфрақұрылым да белсенді дамып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында экспорттық әлеуетті қалыптастырып, жаңа технологиялар енгізетін және жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін бірден бір сала ретінде өңдеу өнеркәсібінің маңыздылығын атап өткен.
Астанада өнеркәсіпті дамыту стратегиялық бағыттардың бірі болып қала береді. 2024 жылы өңдеу секторының өсімі 10%-дан асып, 2,5 трлн теңгеге жетті. 2025 жылы жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы есебінен 7% деңгейінде өсім күтіледі.
Елордадағы №1 Индустриялық парк – қаланың негізгі өндірістік алаңы.
Мұнда жалпы құны 336 млрд теңгені құрайтын 140 жоба орналастырылған: олардың 82-сі іске қосылған болса, 58-і – жүзеге асырылу кезеңінде.
Жинақталған тәжірибе негізінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарымен №2 Индустриялық парк құру жұмыстары басталды. 500 млрд теңгеден асатын 100-ден астам жобаны іске асырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Басым бағыттардың бірі – логистикалық инфрақұрылымды дамыту. «Астана-Технополис» АЭА аумағында Логистикалық парк құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Көлік-логистикалық орталықтарды салуға қызығушылық танытқан отандық және шетелдік инвесторлар пулы қалыптастырылды.
Қалада инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мен жобаларды сүйемелдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша елорда экономикаға инвестиция тарту жөнінен көш бастап келеді: нақты өсім 37%-ды құрап, 1,7 трлн теңгеге жетті. Жеке инвестициялар көлемі 22%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады. Инвестициялардың негізгі бағыттары – жылжымайтын мүлік, көлік, өнеркәсіп, білім беру, қаржы және сақтандыру салалары.
Ұлттық жобалар пулына кіретін 127 жоба 2,2 трлн теңгені құрайды және 24,5 мың жұмыс орнын құруды көздейді. Инвесторлардың мәселелерін жедел шешу үшін әкімдік жанынан Аймақтық инвестициялық штаб жұмыс істейді.
Құрылған кезден бері штабтың 23 отырысы өтіп, 400-ден астам өтініш қаралды.
Индустриялық парк аумағындағы үш жетекші кәсіпорынның жұмысымен төмендегідей:
«MODEX» зауыты – көлемдік-блоктық технология бойынша дайын модульдік үй жинақтарын өндіретін кәсіпорын. Бұл технология түрлі нысандардың құрылысына кететін уақытты айтарлықтай қысқартып, өзіндік құнын төмендетеді, осылайша тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырады. Зауыт жыл сайын шамамен 200 мың шаршы метр тұрғын үй салуға жеткілікті модульдік құрылымдар шығарады.
«KazPan» зауыты – өнеркәсіптік, логистикалық, әкімшілік, спорттық және басқа нысандардың құрылысында кең қолданылатын сэндвич-панельдер өндіреді. Кәсіпорын кореялық «Kindus» автоматтандырылған желісімен жабдықталған және жылына 1,8 млн шаршы метр өнім шығарады. Мұнда заманауи технологиялармен жұмыс істеу үшін Kindus инженерлерінен оқыған 100-ге жуық маман еңбек етеді.
«ATM Construction & Investment» (YDA компаниясы) – медицина, құрылыс және девелопмент, авиация және энергетика, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсететін көпсалалы кәсіпорын. Өндірістік кешен құрамында бес кәсіпорын бар: медициналық және кеңсе жиһазы, медициналық жабдық, модульдік ғимараттар, металлоконструкциялар, терезе және витраж өнімдері шығарылады.