2024 – 2025 жылдарғы жылыту маусымы кезеңінде ҚТЖ желісі бойынша шамамен 38,3 млн тонна көмір жеткізілді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңі көрсеткішінен 1,3 млн тоннаға артық, деп хабарлады Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміздің жылу электр орталықтарының қажеттіліктеріне 34,6 млн тонна көмір (+1,9 млн тонна немесе +6%) тасымалданды, коммуналдық-тұрмыстық секторға 3,7 млн тонна отын жөнелтілді. Жергілікті атқарушы органдар деректері бойынша көмір операторларының қоймаларында шамамен 432 мың тонна көлемінде коммуналдық-тұрмыстық көмір қоры қалыптастырылды.
Барлық энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмірдің тасымалы толық көлемде орындалуда. ҚТЖ вагондардың жеткілікті паркін қамтамасыз етеді және қатты отынды тиеу процесін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Жеткізу жоспарлы режимде жүзеге асырылуда, көмір тапшылығы жоқ, кезектер мен дүрлікпе сұраныс байқалмайды. Тұтынушылардың барлық санаттары уақтылы отынмен қамтамасыз етіліп келеді.
Өскемен қаласында көмірдің жалпы қоры 11 150 тоннаны құрайды, оның ішінде: «Сейком» ЖШС кірме жолдарында – 6300 тонна, «ТКТ» ЖШС кірме жолдарында — 1 500 тонна. Қалаға жеткізілім үнемі жалғасып отырады, бұл қорлардың тұрақты деңгейін сақтауға мүмкіндік беруде.