Көк Тудың тағдыры қызу пікірталастардың ортасында шешілді – рәмізтанушы

Көк Тудың тағдыры қызу пікірталастардың ортасында шешілді – рәмізтанушы
Фото: Ақорда

Ту мен Елтаңбаны қабылдау үдерісі жай ғана шығармашылық байқау емес, жас тәуелсіз мемлекеттің болашағын айқындаған тарихи кезең болды. Рәмізтанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Мусаев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы туралы айтты.

Талғат Мусаев Мемлекеттік Туды қабылдау барысындағы қызу талқылаулардың куәсі болғанын айтады. Ол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Механика және қолданбалы математика факультетінде білім алып жүрген студент болған.

«1992 жылы Мемлекеттік рәміздер қабылданған кезде мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Механика және қолданбалы математика факультетінде оқып жүрген едім. Жалынды жастық шағымыз болатын. Бір күні бізді еліміздің жаңа туын талқылау рәсіміне көрермен ретінде шақырды. Залға кіргенде қабырғаларда тұрған жүздеген жобаны көріп, таңғалғанымыз әлі есімде. Сөйтсек, Жоғарғы Кеңес ұйымдастырған байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 1200-ден астам жоба келіп түскен екен. Тіпті шетелдің атақты суретшілері де қатысыпты. Ең бастысы, талқылау ашық өтті. Біз қызыл коммунистердің «Тудың түсі қызыл болуы керек, ол пролетариаттың белгісі» деген пікірлерін де естідік. Сол кезде өз мемлекетіміздің тарихы көз алдымызда жазылып жатқанын сезіндік», – деді рәмізтанушы.

Оның айтуынша, бүгінгі Көк Тудың қазіргі келбетіне қатысты да соңғы сәтте өзгерістер енгізілген.

«Бастапқыда Туымыздағы күн мен қыран бейнесі байрақтың бұрыш тұсында орналасқан болатын. Кейін мемлекет басшылығының ұсынысымен олар композициялық тұрғыдан тиімді болу үшін орталық бөлікке көшірілді. Шәкен Ниязбеков ағамыз еш ренжіместен, сол жерде сызғышын алып, математикалық дәлдікпен күн мен қыранның орнын өзгерткен еді. Бұл оның кәсібилігі мен қарапайымдылығының айқын көрінісі болды», – деп еске алды Талғат Мусаев.

Рәмізтанушының сөзінше, ең күрделі мәселелердің бірі Тудың түсіне қатысты болған.

«Жоғарғы Кеңестің бірнеше депутаты мен ескі жүйенің өкілдері қызыл түсті сақтап қалуды ұсынды. Олар қызыл түсті мемлекеттіліктің, күрестің және революцияның белгісі деп санады. Бірақ Шәкен Ниязбеков көк түстің бейбітшілікті, ашық аспанды, түркі дүниесін және халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын білдіретінін дәлелдеп шықты. Бүгінде көкте желбіреген Көк Туды көрген сайын сол тарихи сәттер есіме түседі. Мен оны тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды шешімдердің бірі деп бағалаймын», – деді ол.

Фото Талғат Мусаевтың жеке мұрағатынан

Рәмізтанушының айтуынша, кейінгі жылдары оған Мемлекеттік рәміздерге қатысты заңнамалық жұмыстардың бел ортасында жүру бақыты бұйырған.

2004 жылы Мәдениет министрлігіне қарасты Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің бастамасымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңды және Мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен жою тәртібіне қатысты Үкімет қаулыларын әзірлеу жұмыстары басталды.

«Бұл кезеңде рәміздер көбіне мемлекеттіліктің сыртқы атрибуты ретінде қабылданды. Нақты техникалық стандарттардың болмауынан Тудың түсі әртүрлі реңкте шығарылып, сапада айырмашылықтар кездесетін. Осы олқылықтарды жою үшін заңнамалық реформа қажет болды. Көк байрағымыз бен Елтаңбамыз – тәуелсіздігіміздің тірі рухы. Сондықтан оларды орналастыру мен қастерлеп жою тәртібін заңдастыру үлкен тарихи жауапкершілік еді», – деді Талғат Мусаев.

Ол сол кезеңде заң жобаларын әзірлеу оңайға соқпағанын атап өтті.

«Жобаның әрбір сөйлемі мен үтірі сарапшылар алдында талқыланды. Құжаттар еліміздің жетекші мемлекеттік органдарының келісуінен өтті. Біз заңгерлермен, геральдика мамандарымен күні-түні жұмыс істедік, көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттедік. Республика көлемінде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде Мемлекеттік рәміздерді орналастырудың бірыңғай стандарттары бекітіліп, мерзімі өткен рәміздерді қастерлеп жою тетіктері заң жүзінде нақтыланды», – деді ол.

Талғат Мусаевтың пікірінше, Елтаңбаны әзірлеу барысында да түрлі ұсыныс болған.

«Көптеген жобада Алатау, Хан Тәңірі шыңы, Алтын адам, түрлі өндірістік белгілер ұсынылды. Кейбір депутат Елтаңбада міндетті түрде бидай масағы мен зауыттың тісті дөңгелегі болуы керек деп есептеді. Бірақ Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов қазақ дүниетанымының өзегін көрсететін шаңырақты негізгі нышан ретінде таңдады. Уақыт өте келе, бұл шешімнің дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді», – деді рәмізтанушы.

Оның айтуынша, бүгінде Мемлекеттік рәміздерге қатысты қалыптасқан құқықтық база мен стандарттар тәуелсіз Қазақстанның маңызды жетістіктерінің біріне айналды.

«Бүгінде Туымыз биік ғимараттарда талапқа сай желбіреп тұр, Елтаңбамыз мемлекеттік мекемелердің төрінен орын алды, Әнұранымыз әлемдік ареналарда шырқалып жатыр. Осындай сәттерде сол жылдары атқарылған еңбектің зая кетпегенін түсінемін. Бұл – Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында атқарылған үлкен жұмыстың нәтижесі», – деді мәдениет қайраткері.

Оның пікірінше, Мемлекеттік рәміздер тек ресми белгілер емес, елдің рухын көтеретін, ұлттық бірегейлікті нығайтатын құндылық ретінде әрдайым қоғам назарында болуы тиіс.

Талғат Мусаевтың рәміздер туралы айтқанын толығырақ Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатынан оқи аласыз.