Цифрлық бақылау тегін берілетін 26 мыңнан астам дәрінің сатылғанын анықтады
Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы тегін берілуі тиіс 26 мыңнан астам дәрі-дәрмек қаптамасының дәріханаларда сатылғаны анықталды. Бұл туралы Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Цифрлық жүйе дәрі-дәрмектің өндірушіден бастап пациентке дейінгі қозғалысын бақылауға және елдегі дәрілік заттардың қорын қадағалауға мүмкіндік береді.
Анықталған фактілер бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханада тексеру жүргізілген. 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 20 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.
Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген залал 36 млн теңгеден асады. Жиналған материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, цифрлық таңбалау жүйесі дәрі-дәрмек айналымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биыл қыркүйектен бастап цифрлық таңбалау тағамға биологиялық белсенді қоспаларға да енгізілді. Ал 2027 жылдан бастап жүйе медициналық мақсаттағы бұйымдарға қолданылады.
Бұған дейін елімізде фармацевтика өндірісі үш жылда 37 пайызға өскенін жаздық.