Астанада көше жарығы мен мобильді интернет жабдығы бір бағанға орнатылады

Астанада көше жарығы мен мобильді интернет жабдығы бір бағанға орнатылады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада мобильді байланыс сапасы мен мобильді интернеттің қамту аймағын жақсартуға, сондай-ақ елорданың телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған қос мақсаттағы тіректерді орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде қалада көше жарығын қамтамасыз ету және байланыс жабдығын орналастыру функцияларын біріктіретін осындай 12 баған орнатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Бір қарағанда, мұндай құрылғы кәдімгі жарықтандыру бағанынан айырмасы жоқ секілді көрінеді. Алайда олардың ішінде қаланың телекоммуникациялық желісін дамытуға арналған мобильді байланыс жабдығы орналастырылады.

Заманауи қала үшін мұндай шешімнің маңызы ерекше. Қос мақсаттағы тіректер байланыс жабдығын қолданыстағы қалалық ортаға кірістіруге және кеңістікті барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Техникалық элементтер құрылымның ішіне орналастырылады. Соның арқасында тіректердің сыртқы келбеті ықшам әрі жинақы болып сақталып, елорданың бірыңғай дизайн кодына сәйкес келеді.

Жоба Астана қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы мен Beeline Қазақстан мобильді операторының бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр.

«Елорда дамыған сайын телекоммуникациялық инфрақұрылымға қойылатын талаптар да артып келеді. Қос мақсаттағы тіректер қажетті жабдықты жарықтандыру инфрақұрылымымен біріктіре отырып, қалалық ортада тікелей орналастыруға және кеңістікті қосымша құрылымдармен шамадан тыс жүктемеуге мүмкіндік береді. Бұл – заманауи қаланың ерекшеліктерін ескере отырып, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беретін практикалық шешім», – деп атап өтті Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Берік Ахметов.

Алдағы уақытта мұндай нысанның функционалын кеңейтуге болады. Тіректер бейнебақылау камерасы мен ауа сапасын өлшейтін құрылығыдан бастап интеллектуалды жарықтандыру жүйесі, Smart City технологиясының өзге де шешімін орналастыруға арналған инфрақұрылым ретінде пайдаланылуы мүмкін.

«Мұндай жобалар байланысты дамыту қала мен бизнестің ортақ міндеті екенін жақсы көрсетеді. Бірлесіп талқылап, тиімді шешім табуға мүмкіндік болған кезде жұмыс та жылдам жүріп, нәтиже де нақты болады. Қос мақсаттағы тіректер қалалық кеңістікті қосымша құрылымдармен шамадан тыс жүктемей, мобильді желіні дамытуға мүмкіндік береді», – деді Beeline Қазақстанның техникалық директоры Тұңғышбек Батталханов.

Еске сала кетсек, Астананың ресми дизайн коды бекітілді.