Президент кубогы: Әлемнің мықты 160 үстел теннисшісі Астанада күш сынасады
15–20 қыркүйек аралығында Астана алғаш рет WTT Star Contender санатындағы халықаралық турнирді қабылдайды. WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup үстел теннисінен дәстүрлі Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясында өтіп, әлемнің 18 елінен 160 спортшының басын қосады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Nomad Table Tennis Academy баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық үстел теннисі күнтізбесіндегі ірі жарыстың бірі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры - 300 мың АҚШ доллары.
Астанадағы додаға әлемдік үстел теннисінің таңдаулы өкілдері қатысады. Жарысқа өтінім берген спортшылар қатарында Ван Иди (WangYidi, Қытай), Алексис Лебрен (Alexis Lebrun, Франция), Данг Цю (Dang Qiu, Германия), Дарко Йоргич (Darko Jorgic, Словения), Дмитрий Овчаров (Германия),Сацуки Одо (Satsuki Odo, Жапония), сондай-ақ Миу Хирано (Miu Hirano, Жапония) бар. Жекелей сында 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фанг Бо Қазақстан атынан Nomad Table Tennis Academy құрамында өнер көрсетеді.
Отандастарымыз WTT-дің ең ірі турнирінде, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында тұрақты өнер көрсетіп жүрген спортшылардың ойынын өз көзімен тамашалауға мүмкіндік алады. Ал отандық ойыншылар үшін өз алаңындағы Star Contender әлемнің жетекші спортшыларымен кездесіп, осындай деңгейдегі жарыстың тәжірибесін жинауға және халықаралық рейтинг ұпайын иеленуге жол ашады.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми халықаралық күнтізбесіне енгізілген. Турнирдің халықаралық құқық иеленушісі әрі ұйымдастырушысы - ITTF аясында жұмыс істейтін World Table Tennis (WTT). Қазақстандағы жарысты ұйымдастыруды Nomad Table Tennis Academy қамтамасыз етеді.
Жарыс бес дисциплина бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей разряд, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық разряд, сондай-ақ аралас жұптық разряд.
WTT Star Contender турнирінің Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясында өткізілуі жарыстың дамуындағы жаңа кезеңді айқындайды. Бұл формат қалыптасқан қазақстандық спорт дәстүрін кәсіби үстел теннисінің жетекші халықаралық серияларының бірімен тоғыстырады.
Еске сала кетсек, 2027 жылы 22–30 мамыр аралығында Астана Орталық Азия тарихында алғаш рет ITTF World Table Tennis Championships Finals әлем чемпионатын қабылдайды.